Әлібек Қалбайдың өліміне кінәлі деп айыпталған атыраулық сарбазға сот үкімі шықты

Иллюстративное фото vk.com
Иллюстративное фото vk.com
Аманжоловқа моральдық шығынды өтеу де міндеттеліп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Әлібек Қалбайдың өліміне кінәлі деп айыпталған атыраулық сарбазға сот үкімі шықты. Алматыдағы әскери сот 19 жастағы Айболат Аманжоловты 9 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ аталған үкіммен ешкім келіспейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мерзімді әскери қызметке шақырылып, мезгілсіз ажал құшқан сарбаздың өліміне 19 жастағы Айболат Аманжолов кінәлі деп танылды. Айыпталушының өзі де әскерге Әлібек Қалбаймен қатар келген.

«Мама, мен әскери қызметкер боламын» деп бала күнінен армандайтын. Қайта тергеу жүргізілмеді. Әділдік іздеп жүргенде мынадай шешім қабылдапты», – деді сотталушының анасы Айнұр Төлемісова.

«Бір ғана сарбаз сөзіне қатысты Аманжоловқа айып тағылды. Курочкиннің сөзін взводтың 30 сарбазы мен офицерлері жоққа шығарған. Десе де бір ғана куәгердің сөзіне қарсы келе алмай отыр. Қалай сот әділ шешім шығарды деп айтуға болады?» – деді сотталушының қорғаушысы Жанар Нүсіпбаева.

Бұған дейін прокурор айыпталушыға 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. Бүгінгі үкімге сәйкес, Аманжоловқа моральдық шығынды өтеу де міндеттеліп отыр. Сот жәбірленуші тараптың пайдасына 6 млн теңге өндіру туралы шешім шығарды. Ал азаматтық талапты ерікті түрде орындау үшін сотталушыға 1 ай уақыт берілді.

«ҚР Қылмыстық-процесстік Кодексінің 387, 390, 393, 395, 398, 401-бабын басшылыққа алып, сот үкім етті: Аманжолов Айболат Азаматұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 440-бабының 4-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзғаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуге тағайындалсын», – деді Алматы гарнизоны әскери сотының судьясы Зарина Рахметова.

Моральдық шығын көлемін бекітуде әскери сот айыпталушы Аманжоловтың отбасылық жағдайын да есепке алған. Өйткені, кінәлі азамат 7 баланың үлкені.

«Сотталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен дәлелденген» дегенге қарамастан, қос тарап та сот үкімімен келіспейді. Қаза болған сарбаздың туыстары істің ақ-қарасы анықталмағанына наразы.

«Менің баламды бір бала ұрды дегенге келіспеймін. Себебі, баламда 18 жерінде гематома бар. Ол екеуі бірге келді. Төрт күнде оң-солын танып, үлгерген жоқ. Менің баламның тілі жоқ, жер қойнына тапсырдық. Бірақ тілі бар бала айтып тұр ғой. Неге? Мен түсінбедім,бұл баланың сотталғанын қаламаймын», – деді  Ә. Қалбайдың әжесі Болдық Құлмағанбетова.

Былтыр 13 сәуірде әскер қатарына шақырылып, арада 9 күн өткенде қайтыс болған Әлібек Қалбайдың туыстарының айтуынша,  тергеу жан-жақты жүргізілген жоқ.  Ал Отан алдындағы борышты өтеуге аттанып, ант қабылдап үлгермеген қос сарбаздың туыстары сот үкімімен келіспеген жағдайда аппеляциялық шағымды 15 күн ішінде түсіре алады.

Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

 Еске салайық, Әскерден табытпен қайтқан: Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот отырысы басталғанын жазған едік

Новости партнеров