Шымкентте жүргізушісі жоқ автобус қаққан бесінші адам ауруханада көз жұмды. Оқыс оқиғаға байланысты қазір құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал жолаушы тасымалдайтын компанияның директоры қоғамдық көліктің ішіндегі бейнебақылау камерасының жазбасын көрген. Автобус соңғы аялдамада 30-40 секунд тұрып, кейін қозғалып кетіпті. Адамдарды соғып, тоқтаған соң екі куәгер ішіне кірген. Артынша жүргізушісі келіп, қол тежегішін тартқан.
Айта кетейік, қайғылы жағдай сенбі күні кешкісін болған еді. Автобус өздігінен жүріп кетіп, жол жиегінде тұрған бірнеше адамды қағып өткен. Cалдарынан 4 адам сол жерде тіл тартпай кетті. Автопарк басшылығы жол апатынан қаза тапқан отбасы жақындарына жаназа шығынын өтеуге көмек беретінін айтты.