|
24.01.2022 | 15:52
4531

Елімізде жаппай тәртіпсіздікке қатысты 819 қылмыстық іс тергеліп жатыр

Бұл туралы Бас прокуратураның бірінші қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты

Елімізде жаппай тәртіпсіздікке қатысты 819 қылмыстық іс тергеліп жатыр Фото: ашық дереккөзден

Еліміздегі тәртіпсіздіктерден кейін 819 қылмыстық іс тергелуде. Оның ішінде  45-і терроризм актілеріне, 36-ы жаппай тәртіпсіздікке, 15-і адам өлтіру деректеріне қатысты қозғалған. Бұл туралы Бас прокуратураның бірінші қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде болған барлық жаппай тәртіпсіздікке қатысты қозғалған істер бойынша 970 күдікті қамауға алынған. Олардың ішінде 182-ін соттың санкциясымен күзетпен ұстауда. 29-ына қатысты үй қамақта ұстау бұлтартпау шарасы қолданылған.

«464 адам терроризм және жаппай тәртіпсіздіктер бойынша ұсталынды. Бұдан басқа, 226 тұлға ұрлық, 60-ы қаруды заңсыз сақтау, 39-ы қаруларды жымқыру, 25-і бұзақылық, 21-і тонау деректерімен қамауға алынды. Басқа да қылмыстық істер бойынша ұсталған адамдар бар», – деді ҚР Бас прокуратурсының бірінші қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.

Бүгінгі күні тергеудегі 31 адам ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Ішкі істер министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаевтің айтуынша, олар тергеу изоляторына келгенге дейін дене жарақатын алған.

«Олардың барлығы қамауда, сот шешімімен ұсталуда. Бұл шешімдерге келіспесе, азаматтар прокуратура немесе сотқа шағымдана алады. Заң талабына сәйкес құқықтық алдын алу тетігімен қоғамдық бақылау комиссия өкілдері барлық мекемелерге кедергісіз кіре алады. Адвокаттар қорғаудағы азаматтармен еркін кездеседі», – деді ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев.

Айта кетейік, Президент жекелеген мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізді. Мемлекет басшысы болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жалғастыру қажет екенін айтты. Ақпарат саласындағы күштік құрылымдар мен өкілетті органдар күш-жігерлерін үйлестіріп, жұртшылық тарапынан түсетін сауалдарға жедел жауап беруге тиіс екеніне тоқталды.

«Жұртшылықтың болған оқиғалар жөнінде долбар мен қауесетке негізделген пікір қалыптастыруына жол беруге болмайды. Азаматтар биліктің ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етіп отырғанын көруге тиіс», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент тұрғындардың қазасына қатысты мәселе бойынша Бас прокуратураға және Ішкі істер министрлігіне әрбір жағдайды мұқият тергеп-тексеру жөнінде тапсырма берді. Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің айтуынша, ұсталған және тұтқындалған азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Прокуратура органдарына қаңтар оқиғасына қатысқан азаматтардан 84 шағым түскен. Қадағалау шаралары бойынша ұсталған 96 адам босатылған. Сонымен қатар нақты дәлелі жоқ жағдайларда  жазаны жеңілдету жөніндегі Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес 1884 іске қатысты жазаны жеңілдету жөнінде берілген өтініштің 1083-і қанағаттандырылып, тұтқыннан босатылған.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир