Талдықорғанда бұрынғы сүйіктісін бауыздап өлтірмек болған ер адамға сот үкім кесті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаға ұстатар жайт былтыр күзде болған. Қаладағы интернет дүкендерінің бірінде бойжеткенді ұрып, кейіннен кеңсе пышағын қыздың мойнына тақаған азамат жеңіл дене жарақатын салып та үлгерген. Осы мезетте көмекке келген куәгер де кісі қолынан зардап шеккен.
Айта кетейік, оқиғаға қатысты алғашында «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалған. Дегенмен әлеуметтік желіде жарияланған үндеуден соң қылмыс қайта қаралып, «Адам өлтіруге оқталу» бабына өзгерді.
– Сотталушының жасаған қылмысы заң бойынша ауыр және аса ауыр қылмыс санатына жатқызылады. Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, сарапшылардың қорытындысымен толық дәлелденген. Сот сотталушыны кінәлі деп танып, оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – деді облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ресми өкілі Мәулен Ержанов.
Оқи отырыңыз: Меркі ауданында көше бойынан жасөспірімнің денесі табылды