Таразда алаяқтық жасады деген күдікті құрықталды. Азамат қомақты қаражатқа су жаңа пәтер алып беремін деп жергілікті тұрғындарды алдап кеткен. Бір қызығы, әккі әрекеттің авторы өзін көпшілікке мемлекеттік қызметкермін деп таныстырған. Әзірге күдіктінің үстінен 4 арыз түсіпті, бірақ жәбірленушілер саны бұдан да көп болуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айлакер тараздық тұрғындарды «баспана кезегін жылжытып, жақын арада тегін пәтер алып беремін» деп құрығына түсірген. Жәбірленушілердің айтуынша, алаяқ өзін сенімді ұстаған. Тіпті бірнеше азаматқа пәтер кілті мен жалған құжат берген. Баспаналардың жалға алынғаны анықталды.
– Жалға алу бағдарламасымен үй алып беретінін айтты. «800 мың теңге, 1-2 күнде хабарлама келеді, сізді тіркейміз» деген. Шынында да, 1414-тен хабарлама келді. Мен кодты айттым. Тіркелгенімд айтып, құттықтады. Келісім бойынша 1 маусымда пәтерге қоныстануымыз керек еді, – деді қала тұрғыны.
– 800 мың теңгені алғаннан кейін, «қаңтар айында 5 баламен 5-қабат ыңғайсыз, 2-қабаттан алыңыз» деп тағы 100 мың теңге сұрады. Өзіміз жалдамалы пәтерде тұрсақ та, ақшаны тауып бердік, – деді қала тұрғыны.
Тәртіп сақшылары көп ұзамай күдіктіні қамаққа алған. Айлакер Тараз қаласының тұрғыны болып шықты. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Шағым айтып, арыз жазған азаматтар саны күннен күнге көбейіп жатыр. Қалтасынан қағылғандардың сөзінше, күдікті адамдарды арбау үшін құрған әлеуметтік желідегі чатта 200-300 адам бар.
–Тараз қаласы ПБ қызметкерлерімен жедел іздестіру шарасы барысында Тараз қаласының 32 жастағы тұрғыны анықталды. Қазіргі таңда полиция қызметкерлерімен ҚР ҚК 192-бабы, 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті толығымен кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды, – деді Полиция басқармасының ресми өкілі Жанерке Әзімхан.
– Азаматтарға бір өтініш бар. Осындай азаматтарға сенбеуді сұраймыз. Бізде кезекпен ғана үй беріледі. Кезегіңіз сайтта жарияланған, – деді қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев
Республика көлемінде, сондай-ақ Жамбыл облысында соңғы уақытта алаяқтық қылмысы жиілеп кеткен. Тәртіп сақшылары тұрғындарды абай болуға шақырады.
Жомарт Есқара, Риналь Рахматуллин, Қанат Бақытұлы «Алматы» телеарнасы, Тараз
Оқи отырыңыз: Шымкентте 235 адамды сан соқтырған қылмыстық топ сотталды