Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты атышулы сот отырысы 3 күнге шегерілді. Бүгінге жоспарланған тараптардың жарыссөзі тағы кейінге қалды. Прокурор екінші сотталушы Бақытжан Байжановқа тағылған айыпты өзгерткісі келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жарыссөздің алғашқы отырысы бүгін таңғы сағат 10:00-ға жоспарланған. Бірақ сот залынан Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов төбе көрсетпеді. Қос сотталушы отырысқа кешігіп қалыпты. Ал судья айыпталушыларсыз жиын болмайтынын жариялады. Үш сағаттық үзіліс беріліп, түстен кейінгі тыңдалымда бірінші болып прокурор сөз алды. Мемлекеттік айыптаушының мәлімдемесі қатысушылардың таңданысын тудырды.
– Байжанов қылмыстың ашылып қалатынын түсініп, оны жасырудың бірнеше амалын жасаған. Мейрамхананы жауып, камерадағы жазбаларды өшіріп, Салтанат Нүкенованың телефонын басқа мекенжайларға апарған. Байжановқа тағылған «Қылмысты хабарламау» айыбын «Аса ауыр қылмысты жасыру» деп өзгерту қажет. Өйткені ол аса ауыр қылмыстың болғанын біле тұра, саналы түрде марқұмды жасыруға тырысты, – деді мемлекеттік айыптаушы Саяхат Нұрбеков.
Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, Салтанат хәл үстінде жатқан кезде Бишімбаевтың інісі көмек беруге тырыспаған. Мейрамханадағы жағдайды біле тұра, қылмысты жасырып қалмақ болғанын айтты. Бақытжан Байжановқа қатысты тергеуді қайта жаңартуды талап еткен прокурор айыптың бабын өзгертуді де сұрады. Судья бұл өтінішхатты қабылдады.
– Егер айыптау актісі жасалса, сот талқылауы құжат көшірмесі тапсырылған күннен бастап 3 тәуліктен соң қарастырылады. Айыптаудың жаңа тұжырымдамасы қабылдануы керек. Осы себепті сот тергеуін қайта бастау туралы өтініш қанағаттандырылады. Келесі отырыс 2 мамырда сағат 10:00-де өтеді, – деді судья Айжан Құлбаева.
Осыдан соң судья тергеуді қайта бастауға келісім берді. Тараптар бұл шешімге қарсылық білдірмеді. Байжановқа қатысты айыптаудың жаңа тұжырымы қабылданады. Ал оның қорғаушысы сотталушымен кеңесу үшін бірер күн уақыт сұрады. Осы себепті сот отырысы кейінге қалды. Келесі процесс 2 мамырға жоспарланған.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың банк шот дерегін алуға тырысқан күдіктілер ұсталды