Бишімбаев ісі: Бақытжан Байжанов марқұмның туыстарынан кешірім сұрады

Almaty.tv
Almaty.tv
Ағасы мен жеңгесінің арасындағы жанжалға таңырқамағанын жеткізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты бұрын-соңды айтылмаған деректер ашылып жатыр. Экс-министрдің інісі Бақытжан Байжанов мейрамханадағы жанжалдың жайын баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Салтанаттың өліміне қатысы бар деп айыпталып отырған сотталушының бірі – Бақытжан Байжанов. Оған отырыстың тоғызыншы күнінде сөз кезегі берілді. Ол әңгімесін алдымен Нүкенованың туыстарынан кешірім сұраудан бастады. Дер кезінде көмек көрсете алмағанын айтып, өкінішін білдірді. Одан кейін сол күні ағасы мен жеңгесінің арасындағы жанжалға таңырқамағанын жеткізді. «Ерлі-зайыптылардың арасындағы ұрысқа етіміз үйреніп алған» деп ағынан жарылды.

– Бұған дейінгі тергеуде де бар білгенімді жасырмай айттым. Ештеңені жасырып қалғаным жоқ. Бишімбаевты ақтамаймын. Егер мені кінәлі деп санасаңыздар, жазамды алуға дайынмын. Салтанатты құтқаруым керек еді. Оның отбасынан шын жүректен кешірім сұраймын, – деді сотталушы Бақытжан Байжанов

Сол күні орталықта Салтанаттың ұзақ ұйқыда жатқанын Байжанов та көрген. Жағдайының ауыр екенін сезген ол ағасына жедел жәрдем шақыруды ұсыныпты. Алайда қарсы жауап алған. Әйелінің өлгенін естігенде айғайға басқан Бишімбаев қолына пышақ алып, өзіне қол жұмсамақ болған көрінеді. Байжанов ағасының оны қорқытып, көрген-білгендерін басқаша айтуды бұйырғанын жеткізді. Тіпті қысым да көрсеткен.

– Бишімбаев «жедел жәрдемге хабарластық» деп айт деді. «Сенің балаларыңның басына келсін» деп қарғады, – деді сотталушы Бақытжан Байжанов.

Салтанат өлім мен өмір үшін арпалысып жатқан сол күні түс ауа мейрамханадағы барлық бейнежазба өшірілген. Алайда ағасының пәрменін орындаған Байжановта еш күдік болмапты. Бауырына сеніп, жеңгесінің аяққа тұратынын күткен. Осы үшін айыпталып жатқан сотталушы қасақана дәлелдерді жасырмадым деп ағынан жарылды.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың адвокаты іске басқа судьяны тартуды талап етті

Новости партнеров