|
04.04.2024 | 18:13
3354

Бишімбаевтың ісі: сот отырысында Салтанат Нүкенованың смартфоны тексерілді

Прокурор оқыған телефонындағы жеке жазбаларға Бишімбаев түсініктеме беруге тырысты

Бишімбаевтың ісі: сот отырысында Салтанат Нүкенованың смартфоны тексерілді Коллаж: Almaty.tv

Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Түске дейінгі тыңдалымда Салтанат Нүкенованың смартфоны тексерілді. Марқұм ажал құшар алдында алмасқан хат-хабарлары оқылып, еш жерде жарияланбаған фотосуреттері көрсетілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кезекті отырыс Салтанат Нүкенованың телефонын тексерумен басталды. Прокурор Айжан Аймағанова кеше марқұмның смартфонын қоса алмаған еді. Бұғаттағы телефонды бүгін бірден қосып, тінтуге мүмкіндік болды. Мемлекеттік айыптаушы ондағы хаттарды залға оқып берді. Одан кейін кіріс-шығыс қоңырауларын қарап, жасалған скриншоттарды көрсетті. Осы кезде Бишімбаевтың адвокаттарынан тыныштық кеткендей болды. Екі бірдей қорғаушысы Нүкенованың телефонындағы суреттерді үлкен экранға шығаруды сұрап қоймады. Сол арқылы көпшілікке Бишімбаев екеуінің бақытты жұп болғанын көрсеткілері келгендей. Алайда бұған жәбірленуші тарап бір ауыздан қарсылық білдірді.      

– Бишімбаев әдемі өмірін көрсеткісі келсе, телефонының құпия сөзін жөндетіп, көрсетсін. Бұл телефонда Салтанаттың жеке өмірі бар, сондықтан, қарсымыз. Суреттер оның да телефонында бар емес пе? – деді С. Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді.

Бұдан кейін Салтанат Нүкенованың мәйітіне жасалған сараптама қорытындысы оқылды. Көзбен көруге жүрек дауаламайтын көріністің жазбасын адвокат Жанна Оразбақова бақандай 15 минут баяндады. Дене жарақаттарын бірінен соң бірін айтты. Ауырлығы жанына батты ма, арасында көз жасына да ерік берді.

– Сот-медициналық сараптаманы өздеріңіз де естідіңіздер. Салтанат Нүкенованың денесінен бас сүйек-ми жарақаты, бетінде көптеген жара мен қан анықталды. Мұрны сынған, мұрнының айналасындағы терісіне қан құйылған. Сыртқы дене жарақатының өзіне жасалған қорытынды 200-беттей болады. Жарақаттарының ауырлығы сонша, жүрек қызметі тоқтап, тыныс ала алмаған, – деді  қорғаушы Жанна Оразбақова.

Түс ауа сот залында сол сұмдық түнде болған оқиға қайталанып сұралды. Бишімбаев бұған дейін айтқан жауабынан танбады. Экс-министр марқұм әйелін «ұрмадым, унитазға өзі құлап жарақат алды» деп ақталғандай кейіп танытты. Күні кеше көрсетілген жантүршігерлік кадрлерді басқаша баяндап салды. Атышулы ісі әлі де шиелене түсінетін көрінеді.

Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан


Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың ісі: Салтанат Нүкенованың қандай жағдайда көз жұмғаны көрсетілді

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир