Шымкентте Nexia маркалы 11 автокөлікті ұрлаған күдікті ұсталды. Ер азамат дабыл қаққыштары жоқ темір тұлпарларды қолды қылып Ресейдің жалған нөмірлерін тағу арқылы сатып отырған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол автокөліктердің есіктерін қарапайым сызғышпен ашқан екен. Тексеру жұмыстарынан кейін 11 машинаның алтауы табылып, иелеріне қайтарылды. Оның 2-уін бөлшектесе, тағы үшеуін әлеуметтік желі арқылы сатып жіберіпті. Күдікті уақытша тергеу изоляторына қамалған.
«Тергеу кезінде тергеушілер барлық фактіні жіті зерделеген. Әр оқиға орнындағы жақын орналасқан тұрғындардан сұқбат алынған. Бейнебақылау видеоматериалдар алынып, олар бойынша хронология қалпына келтірілген. Нәтижесінде көліктерді сағат таңғы 4-6 аралығында бір адам ұрлағаны анықталды. Ол қалаға кешкі сағат 20.00-де шамасында келіп қауіпсіздігі нашар көліктерді іздеген. Жүргізілген ауқымды шарадан кейін күдіктіні Әл-Фараби аудандық ПБ қызметкерлері анықтап, ұстап әкетті», – деді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.