Қызылорда тұрғындарын 10 млн теңгеге алдаған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алаяқтық әрекеттердің біразы мемлекеттік бағдарламамен бой көтерген жылжымайтын мүлікті кезексіз алып беремін, жұмысқа тұрғызамын, кезектен тыс жер, қайтарымсыз несие алып беремін деген желеумен жасалған іс-әрекеттер тұрғындарды сан соқтыруда. Сондықтан сала мамандары тұрғындарды айлакердің арбауына түспеуге шақырады.
«Мәселен, желтоқсан айының 9-10 аралығында 8 қала тұрғыны басқарманың кезекші бөліміне алаяқтың әрекетінің құрбаны болғандығы жөнінде арызданған болатын. Жәбірленушілерден 2021 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламамен пәтер, қайтарымсыз несие, грант алып беремін деп алдап арбау жолымен 10 миллион теңгеге жуық ақшаларын жымқырып, көзден таса болған», - дейді полиция өкілдері.
Мәні жағынан бір-біріне ұқсас деректер бойынша басқарма қызметкерлері жан-жақты тексеру жұмысын жүргізіп, нәтижесінде қала тұрғындарын сан соқтырған, бұрын сотты болған 37 жастағы күдікті әйел ұсталып, басқарманың уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.