|
08.09.2020 | 17:51
10682

Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбайды экстрадициялау мәселесіне байланысты пікір білдірді

Бұл сауалға бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов жауап берді

Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбайды экстрадициялау мәселесіне байланысты пікір білдірді tengrinews.kz

Ақжарқын Тұрлыбай жазасын Қазақстанда өтеуі мүмкін бе? Бұл сауалға бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ол отандасымызды елге қайтаруға болады, бірақ ол үшін Ақжарқын Тұрлыбайдан өтініш қажет дегенді алға тартады. Ал бойжеткеннің қорғаушысы болса, қазақстандық азаматшаны туған жеріне экстрадициялау мәселесімен бірнеше мәрте жүгіндік деп отыр.  

Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың көктемінде Гуанжоу әуежайында ұсталған болатын. Кейін оны Қытайда есірткі тасымалы үшін өмір бойы бас бостандығынан айырған. Анықталғаны, қазір Ақжарқын жазасын Гуандун провинциясы түрмелерінің бірінде өтеп жатыр. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың сөзінше, оны туған жеріне экстрадициялауға толық мүмкіндігіміз бар. Себебі бізде де осы бап бойынша өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

«Біздің мәліметімізге сәйкес, сот үкімі заңды күшіне енді. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында сотталғандармен алмасу бойынша келісім бар. Біріншіден, ол өз жазасын Қазақстанда өтегісі келетінін айтып, бізге хат жазуы керек. Кейін біз ратификацияланған құжатқа сәйкес, оның хатын Қытай Халық Республикасының прокуратурасына жібереміз», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары  Марат Ахметжанов.

Алайда Қытайда есірткі тасымалы үшін бас бостандығынан айрылған Ақжарқын Тұрлыбайдан жазасын туған жерінде өтеу туралы өтініш түскен жоқ, дейді бас прокурордың орынбасары. Ресми өтінім түскен бетте осы бағыттағы жұмыс басталатынын алға тартады. Бірақ, бойжеткеннің қорғаушысы Сұңқар Нұрмағанбетов осы мәселемен бірнеше мәрте жүгіндік деп отыр.

«2016 жылдың сәуірінде мен Ақжарқын Тұрлыбайдың мүддесін қорғап, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігіне жүгініп, Ақжарқын Тұрлыбайды экстрадициялау туралы өтініш жазған болатынмын. Аталған ақпарат Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан Республикасының елшісі Шахрат Нұрышевтың ресми жүгінуінде және бірқатар бұқаралық ақпарат құралында көрініс тапқан. Бұдан кейін де, оның ішінде биыл да қорғаушы жақ Сыртқы істер министрлігі мен Бас прокуратураға жүгінген болатын», – деді Ақжарқын Тұрлыбайдың қорғаушысы Сұңқар Нұрмағанбетов.

Қазір Ақжарқын Тұрлыбайдың отбасы экстрадициялау шарасын қарастыруда. Алайда қазақстандық бойжеткеннің еліне қашан әкелінетіні әзірге белгісіз.  

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир