Алматыда зейнеткерден ақша алған тағы бір “курьер” ұсталды, – деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 80 жастағы зейнеткер алаяққа “немересі жасаған жол апаты” үшін 2 миллион теңге берген. Белгілі болғандай, Бостандық ауданында тұратын зейнеткердің пәтеріндегі стационарлық телефонға қоңырау түскен: немере қызы апатқа себепкер болды деген болжаммен көмек сұраған.
- Немерем телефонды адвокатқа беретінін, адвокат біреудің реанимацияда жатқанын, 5-6 жыл түрмеде отырудың орнына, 6 миллион теңге төлеу керектігін айтты. Ақшаны алып, айтқан жеріне апардым. Бір жігітке бердім. Олар алаяқ болып шықты, – деді зейнеткер.
Жедел іс-шараларды жүргізу барысында Киберпол қызметкерлері 20 жастағы С. есімді азаматты ұстады. Ол курьер болып жұмысқа қабылданғанын айтып, істеген ісін мойындады.
- Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Курьердің жеке басы басқа да ықтимал эпизодтарға қатысы бар-жоғына тексеріліп жатыр, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.
Оқи отырыңыз: Астанада жеңіл көлік бірнеше адам тұрған аялдаманы соқты