Педофилдер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Фото: elements.envato.com
Фото: elements.envato.com
Біреудің денсаулығына зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке жатқызылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Педофилдер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Суицидті насихаттап, сәбилердің өмірін қиғандардың да жазасы қатаңдатылмақ. Қоғамдағы бұл кеселдің жолын кесуге бағытталған заң жобасын Мәжіліс мүшелері қарауға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мәжіліс талқысына түскен бұл бастаманың жаңалығы көп. Ендігі жерде біреуді таяқтың астына алып, денсаулығына зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке жатқызылады. Ол үшін алатын жазасы да қатаңдатылады. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша біреуді ұрып-соққан адам бар болғаны әкімшілік жауапкершілікпен құтылатын көрінеді.

– Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін заңмен реттеу керек. Қазіргі уақытта бір адам екінші адамды соққыға жығатын болса, ол Әкімшілік кодекспен құтылып кетеді. Біздің ұсынып отырған нормамыз - ондай әрекетті Қылмыстық кодекспен айыптау, – деді  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Заң жобасында көрсетілгендей, енді полицейлер жәбірленушінің арыз-шағымын күтпей-ақ шара қолдана алады. Ол үшін видео дәлелдеме немесе әлдекімнің арызы болса жеткілікті. Ал отбасында бала-шағасының берекесін қашырған тирандарға психологиялық көмек көрсету міндеттелмек. Бұл уәкілеттілікті сот атқаруы мүмкін. Депутаттар күні кеше Қарағандыда болған жағдайға алаңдаушылық білдірді. Заңды белден басып, жүргізушіні жұдырықтай жөнелген азаматтың әрекетін сынға алды. Елнұр Бейсенбаевтың айтуыншы, бұл – тәртіптің осалдығы, жазаның жеңілдігі.

– Айдың-күннің аманында өз қызметін адал атқарып жүрген жүргізушіні қан жоса етіп соққыға жығу – бассыздық. Құқық бұзушы Нұрболат Дәкебаевтың бұл ісі жәй ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық. «Не істей аласың» деген айбат, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Бір ғана Қарағандыдағы жағдайды мысалға алған мәжілісмендер мұндай оқиғалардың қоғамда жиілегенін жеткізді. Сол үшін заң мен жауапкершілікті қатаңдату керек екеннін айтты. Ал педофилдерді өмір бойына темір торға қамау ұсынылды. Баланың өмірін қиғандарға да ауыр жаза беру керек екені айтылды.

Суицидті насихаттап, мүгедектерді ұрып-соққандар да жазадан құтылмайды. Мәжіліс депутаттары «мұндай жағдайларға да қылмыстық жауапкершілік жүктеу керек» дейді. Әзірленген заң жобасында балаларға арналған интернаттық ұйымдарды тексеру қарастырылып отыр.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Бишімбаевқа қатысты тергеу ісі аяқталды

Новости партнеров