|
05.10.2023 | 19:10
3618

Алматыда адам азаптаған 8 полицейге қатысты сот үкімі шықты

Уақытша ұстау изоляторында 1200-ден астам адам қамауда отыр

Алматыда адам азаптаған 8 полицейге қатысты сот үкімі шықты Almaty.tv

Алматыда адам азаптаған 8 полицейге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы қалалық прокуратураның өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыдағы уақытша ұстау изоляторында 1200-ден астам адам қамауда отыр. Арасында жазасын өтеп жүргендер мен бір түрмеден басқа түрмеге ауысып жатқандар да бар. Бірақ көбі – қылмысқа қатысты күдікті деп танылып, сотын торда күткен азаматтар.

– Бұл мекемеде отырғаныма екінші жыл. 2-3 сотқа да қатыстым. Өз құқығым үшін күресіп жатырмын. Тергеуге әсер етпеуім үшін мені осында ұстап отыр. Қазір жатын орын, дәліз, бөлменің бәрінде бейнекамера бар, – деді күдікті.

№72 тергеу мекемесі басшылығының дерегінше, қапас қабырғасында 1000-нан астам камера қойылған. Темір тордың бұрыш-бұрышы жіті бақылауда. Ал таспаның бәрі қызметкерлердің өзі рұқсатсыз кіре алмайтын орталықта сақталады екен.

Тергеу изоляторына қойылған камераның бәрін монитор арқылы тәртіп сақшылары бақылап отырады. Тергеу изоляторы бастығының айтуынша, мұнда түскен материалдар тікелей Бас прокуратура мен ІІМ-ге жолданады.

Құзырлы орган мекемедегі камера санын арттырып, бақылау жүйесін күшейтуді жоспарлап отыр. Прокуратура дерегінше, бүгінде қаңтар оқиғасында ұсталғандарды тергеу кезінде рұқсат етілмеген әдістерді қолданған 8 полицейге қатысты сот үкімі шыққан.

– Азаптау фактісі бойынша изолятор мен полиция департаментінің 8 қызметкеріне айыптау үкімі шықты. 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделді. Алайда сотталушылар мен олардың адвокаттары апелляциялық шағым түсірді. Енді істі апелляциялық сот қарап жатыр, – деді қалалық прокуратураның басқарма бастығы Тимур Шамои.

Айыпталған 8 тәртіп сақшысының сот процесі қаңтар оқиғасына қатысты қаралған жалғыз іс емес. Бүгінде тергеуі мен соты болып жатқандар көп. Оның арасында жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп күдікке ілінген қарапайым азаматтар да, бүлік ұйымдастыру дерегі бойынша айыпталған лауазымды тұлғалар да бар.

Оразай Нұртайұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық топтарды ұстау шарасын бастады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир