Таразда көлік ұрлап қашқан тұрғын бір сағаттан соң қолға түсті

Видеодан кадр
Видеодан кадр
Күдікті Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда тапа-талтүсте көлік ұрланды. Аулада тұрған көлікті айдап кеткен ұрыны тәртіп сақшылары 1 сағат қуып, ақыры ұстаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Сенбі күні Тараз көшелерінде тыныш болмады. Сағат шамамен 10:30 шамасында қала тұрғыны аулада тұрған Hyundai маркалы көлікті ұрлап кеткен. Жедел желіге түскен ақпарат бойынша полицейлер бейнебақылау камераларынан көлікті анықтап, тоқтатпақ болады. Бірақ баукеспе шаһар жолдарын шарлап, шағынаудандарды да шаңдатты. Тіпті, балалы тұрғындарды да мертіктіре жаздады.

Автокөлік ұрлаушыны ұстау бойынша арнайы операция сағатқа жуық жалғасты. Ақырында күдікті көлікпен темірге соқтығысып тоқтаған. Одан соң оқиға орнынан бой тасалауға тырысқан. Дегенмен тәртіп сақшылары ұрыны ізін суытпай ұстап алды.

«38 жастағы күдікті қала сыртына шығу үшін қуғыннан қашуға тырысып, жоғары жылдамдықпен жүріп, көлікті басқара алмай, «Астана» мөлтек ауданындағы аулалардың бірінде балалар ойын алаңына соқтығысқан. Сол жерге көлікті тастап, қашып кеткен. Дегенмен оны сол аумақтан алыстатпай ұстап, көлікті иесіне қайтардық», – деді қалалық полиция басқармасының бастығы Асылхан Заурбеков.

Күдікті Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 200-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы, Тараздан

Новости партнеров