|
30.11.2023 | 19:10
4183

Балтамен шабуыл жасаған: Петропавлда оқушыға қатысты сот үкімі шықты

9-сынып оқушысына «Кісі өлтіруге оқталды» деген айып тағылып отыр

Балтамен шабуыл жасаған: Петропавлда оқушыға қатысты сот үкімі шықты Еlements.envato.com

Петропавлда мектепке балта апарып, сыныптастарына зақым келтірмек болған оқушыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жантүршігерлік жағдай 13 ақпанда болған еді. 9-сынып оқушысы білім беру мекемесіне өзімен бірге пышақ пен балта кіргізген. Кейіннен ол екінші қабаттағы әжетханаға көтеріліп, маска киіп, артынша дәлізде оқушыларға шабуылдаған. 15 жастағы жасөспірімді жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер тоқтатқан. Судьяның айтуынша, оқушы мұндай әрекетке өз тарапына айтылған сөздерден кейін барған. Оның қылмыс жасауына америкалық кинофильм түрткі болған көрінеді.

– Қылмысты жүзеге асыру үшін Джокиладзе «Хэллоуин» кинофильмнің басты кейіпкері қолданған қағазға ұқсас бет маскасын жасаған. Кинофильмде кісі өлтіру кезіндегі қанды көріністер көрсетіліпті. Өз кезегінде, кәмелетке толмаған Джокиладзе қаралған фильм кейіпкерінің іс-әрекетіне сүйсініп, 3 баланы өлтірмек болды, – деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудандаралық соттың судьясы Әбдіқахар Еркебаев.

Оқиға салдарынан үш баланың басы мен білегіне зақым келіп, ауруханаға жеткізілген еді.  Қазір зардап шеккендердің жағдайы жақсы. Күдікті бірден қамауға алынып, тергеу жұмыстары басталған. Аталған факті қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды. Араға 9 ай салып сот үкімі шықты.

– Сот Давид Георгиевич Джокиладзені ҚР ҚК 124-бабының 3-бөлігі, 99-бабы екінші бөлігінің 1,9,14-тармақтарында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тануға және оған көрсетілген баптар бойынша кәмелетке толмағандарды ұстау үшін орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 6 жыл 9 ай бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауға үкім шығарды, – деді Әбдіқахар Еркебаев.

Айта кетейік, 15 жастағы жасөспірімді анасы жалғыз тәрбиелеп келген. Бұған дейін оның ақыл-есі дұрыс деп танылған еді. Енді ол зардап шеккендерге 4,5 млн теңге өтемақы төлеуі тиіс. Сондай-ақ сотталушы мен оны жақтаушылардың апелляциялық шағым беруге құқығы бар.

Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Күдікті өз-өзіне қол салған: ана мен баланың өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатыла ма

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир