Алматыда адам өміріне қауіпті кір жуатын ұнтақ пен ұстаралар табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемлекеттік кірістер департаментінің дерегінше, танымал брендтердің атын жамылған тауарлар елге заңсыз жолмен импортталған. Контрафактілер түгел тәркіленіп, жойылуға жіберілді.
Бүгін кір жуғыш ұнтақтық 1640 қаптамасы, бір рет қолданатын ұстараның 600 данасы жойылды. Бұл тауарлар Қазақстанға сәуірде заңсыз әкелінген. Өнімді қалай шығарғаны белгісіз, тиісті тексеруден өтпеген.
«Тауардың саны 5,5 тоннаны құрайды. Яғни, 1600-ден астам өнімді қамтиды. Бұл тауарлардың сертификатталған құжаты жоқ. Қазіргі таңда адам өміріне қанша зиян келтіретіні белгісіз», – деді Әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Еркебұлан Жетпісбаев.
Мұндай контрафактілер көлеңкелі саудада сатылғандықтан, адам өмірімен қатар, экономикаға да келтірер зияны көп.
«Алматы қаласының Әділет департаменті жүргізген келіссөздер мен құқықтық түсіндіру жұмысының нәтижесінде құқық иесі мен импорттаушы арасында татуласуға қол жеткізілді. Өнімнің шығу тегі белгісіз, сапасы күмәнді. Сондықтан тауар жойылуға берілді», – деді Әділет департаментінің баспасөз хатшысы Алмас Бекботаев.
Экономикалық тергеу департаментінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 2 жылда 164 мыңнан астам контрафактілік тауар тәркіленіп, жойылған. Бұл ел бойынша 12 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Айта кетсек, Алматыда жыл басынан бері 5 мыңнан аса заңсыз өнім анықталған.
Оразай Нұртайұлы, Адель Ақжаркенова, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Балалар күнінде балабақшадан былық шықты