Түркістан облысының полицейлері сатушыны тонаған күдіктіні «ізін суытпай» ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
3 маусымда Арыс қаласының тұрғыны тонау жайты бойынша Арыс аудандық полиция бөлімшесіне арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, ол орталық базардағы дүкенін ашып, ішін тазалап жатқанында белгісіз адам дүкен сыртында тұрған жеті дана әмияны мен бір үлкен қол сөмкесін көзінше тонап кеткен. Аталған жайт Арыс АПБ-нің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы (тонау) бабымен тіркеуге алынды.
Қылмысты ашу үшін полиция бөлімінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына шұғыл жетті. Полицейлер күдіктіні ізін суытпай құрықтау мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Куәгерлерден сұрастырып, базардың жан-жағын аралап, бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты.
Полицейлердің жедел-іздестіру әрекетінің нәтижесінде, жарты сағат ішінде күдікті анықталып ұсталды. Ол бұрында «тонаумен» сотты болған, Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Айғақты зат ретінде әмияндар мен сөмке тәркіленіп алынып, заңды иесіне тапсырылды. Күдікті қолхатпен босатылды.
Қазіргі таңда АПБ-де сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Өз кезегінде жәбірленуші кәсіпкер тұрғын қылмысты ашу барысында кәсібилік пен жеделділік танытқан тәртіп сақшыларына алғысын айтты.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға сақтық танытып, мүліктеріңізді, бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Сізді тонап немесе алдап кетсе полицияның «102» нөміріне қоңырау соғыңыз. Сондай-ақ, міндетті түрде күдіктінің түрін жаттап, есте сақтап қалуға тырысыңыз, бұл өз уақытында қылмыскердің ізіне түсіп, қылмысты жедел түрде ашуға көмектеседі.