Ел аумағында заңсыз қару сақтау туралы 240 дерек тіркелді. Бұл туралы ішкі істер министрлігі ақпар таратты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Полиция органдарында 234 мыңнан астам азаматтық қару иелері және 2 мыңнан астам қызметтік қару субъектілері есепте тұр екен. Қабылданған шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 700-ден астам атыс қаруы және ойық қарудың 4 мыңнан астам патроны алынған.
«Қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін 240 материал тіркелді. Әкімшілік жауапқа 348 азамат тартылды. Сонымен бірге, 2 мыңға жуық заңды тұлға, соның ішінде 76 қару-жарақ саудасы жөніндегі арнайы дүкен тексерілді. 50 мыңнан астам фермерлік, шаруа қожалықтары, 160 мыңнан астам азаматтық қару иелері тексерілді. Тексеру нәтижесінде 3,5 мыңға жуық заң бұзушылық анықталды», - деді ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Бұдан бөлек министрліктің баспасөз өкілі жыл басынан бері елімізде 450 бала жол-көлік апатынан зардап шеккенін айтты. Әсіресе соңғы аптада балалардың өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғалары көп тіркелген.
«9 наурызда Жамбыл облысында жүргізуші мас күйінде көлік жүргізіп, Сарыкемер-Түймекент автожолында жаяу жүргіншіні қағып кетті, нәтижесінде екі жасар бала қаза тапты, баланың анасы ауруханаға жатқызылды. Ал 10 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында Сығанақ көшесіндегі үй ауласында жүк көлігін жүргізуші мектеп оқушысын қағып кетті, ол ойын кезінде қар төбешіктен көліктің астына түскен, салдарынан 9 жасар қыз мерт болды», - деді Шұғыла Тұрлыбек.