«Бауыздамақ болды»: Алматыда такси жүргізушісін пышақтап, көлігін айдап кеткен

Almaty.tv
Almaty.tv
18 рет пышақталған жәбірленуші мен оның туыстары айтылмай қалған тың мәліметтерді жариялады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда такси жүргізушісін 18 жерінен пышақтап, көлігін айдап кеткен 3 күдікті әлі іздестірілуде. Естеріңізде болса, бұған дейін әлеуметтік желіде қаскөйлердің қолынан зардап шеккен қала тұрғыны туралы жаңалық қызу талқыға түскен еді. Almaty.tv тілшісі жәбірленушінің өзімен де, туыстарымен де тілдесіп, айтылмай қалған өзге де мәліметтерді біліп қайтты. 

12 наурызда Аманбек қала ішінде жолаушы тасып, табыс табу мақсатында жолға шыққан. Кешке қарай тапсырыс түсіп, жүргізуші Думан ықшамауданынан Алматы әуежайына қарай 3 адамды алып кеткен. Келіскен жерге жеткеннен кейін, әлгілер көліктен түсіп, Аманбекті сыртқа шақырған.

«Бауырым, артқы дөңгелегің жарылып қалыпты» деді. Ойымда ештеңе жоқ. Көліктен түстім де, артына бардым. Еңкейіп қарадым. Дөңгелегім сап-сау. Басымды көтере бергенде бірден пышақпен ұрды. Ешқандай сөзсіз, ештеңе айтқан жоқ», - дейді жәбірленуші Аманбек.

Барлық әрекетін жоспарлы түрде орындаған қаскөйлер Аманбекті 18 рет пышақпен ұрып, сол жерде жер жастандырмақ болады. Бірақ мұны көзден таса жерде істеуді жөн көріп, қарақшылар жүргізушінің қолын байлап өз көлігіне отырғызып, белгісіз бағытқа алып кетеді.

«Пышақты дайындап отырды. Ашығын айтқанда, бауыздамақ болды. Содан бір жерге тоқтады. Мені түсіріп, ал менің аяғым сезбей қалған, далада тастап кетті», - дейді Аманбек.

Жәбірленушінің әкесі сол күні баласының нендей жағдайға душар болғанын түнгі сағат 23.00 шамасында естіпті. Оған бейтаныс біреу қоңырау шалып, болған істі айтқан. Әкесінің айтуынша, ұлы қоқыстың арасынан табылған. Кейін ауруханаға жеткізіліп, Аманбекке 3 сағат ота жасалған.

«Екі қызы, келіншегі бар. Бәріміздің асыраушымыз. Күнделікті жұмысына барып келеді. Қылтың-сылтыңы жоқ. Үміт күтіп отырған жалғыз ұлым. Менің айтарым, сол жауыздар тезірек табылып, өз жазасын алса екен», - дейді жәбірленушінің әкесі Ахмет.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жүргізушіні 18 рет пышақтап, көлігін ұрлаған 3 күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ал оны тергеу үшін арнайы топ құрылып, құрамына криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен Түрксіб аудандық тәртіп сақшылары жұмылдырылған.

«Бұл қылмыс міндетті түрде ашылады. Аса ауыр қылмыс санатындағы дерек. Сондықтан полиция қызметкерлері құзырындағы барлық ресурстарды пайдалана отырып, осы қылмыстың ашылуына бағытталған іс-шараларды жүргізу үстінде», - деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бұған дейін кей дереккөздерде «жүргізушіге 6-7 рет пышақ ұрды» деген ақпарат тараған еді. Одан бөлек, күдіктілердің қолында «жүктері болды» деп айтылды. Алайда мұны жәбірленушінің өзі де, туыстары да жоққа шығарып отыр.

Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров