Денесінің сау жері қалмаған: жақындарынан таяқ жеген 7 жастағы қыз ауруханаға түсті

Фото: elements.envato.com
Фото: elements.envato.com
Оның ендігі тағдырын құзырлы орган өкілдері таразылайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үйінде оңбай таяқ жеген 7 жастағы қыз ауруханаға түсті. Жантүршігерлік жағдай осыдан 4 күн бұрын Астанада болған. Оқушының үстіндегі көгерген іздерді сабақ үстінде мұғалімі байқап қалып, дереу құзырлы органдарға хабарласқан. Туғандарынан үздіксіз зәбір көріп келген балаға қазір дәрігерлер мен психологтар көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

7 жасар қыздың аурухана төсегінде жатқанына бүгін төртінші тәулік. Дәрігерлер «аурухана келгенде денесінің сау жері болмады» дейді. Көгеріп, ісінгені өз алдына, саусағында кесілген тіліктер де байқалған. Қазір балақайдың тәніндегі жара жазылғанымен, жан жарасын емдеу қиынға соғып жатқан көрінеді. Себебі, беті бері қараған бала осы жағдайдан соң үйіне барудан бас тартқан.

– Ауруханаға түскен кезде бала бірден оны үйіне жібермеуді сұрады. Туыстарына барудан бас тартты. Алғашында психологиялық жағдайы қиын болатын. Қазір бәрі қалыпқа келді. Психолог мамандар жұмыс істеді. Тамаққа тәбеті де жақсы. Үстіндегі соққының ізі кетті, – деді №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматолог дәрігері Арслан Дүйсенбаев.

Оқушы қыздың бес бауыры бар екен. Көпбалалы отбасында өсіп келе жатқан ол үйінде үлкен ағасынан зәбір көргенін айтып, жылаған. Бір шаңырақ астында туған анасы, атасы, бауырлары тұратын көрінеді. Соққыдан әбден көңілі шайлыққан бала үйіне оралмас үшін ауруханада қалуды өтінген.

Жағдайы жақсарған 7 жастағы қыз бүгін-ертең ауруханадан шығарылады. Дәрігерлер емдеу уақыты аяқталғанын айтты. Ал баланың үйіне барар, бармасы әзірге белгісіз. Кішкентай қыздың ендігі тағдырын құзырлы орган өкілдері таразылайды. Елдегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл де мәселені назарға алды.

Елде қазір тұрмыстық зорлық-зомбылықтың саны артпаса, азаймай тұр. Соңғы 10 айда 82 мыңға жуық арыз-шағым түскен. Бұл – тек ресми дерек. Ал үйдегі жанжалды сыртқа шығармай, жылы жауып қойғандары қаншама. Қоғамдағы кеселдің жолын кесу үшін құзырлы орган өкілдері «зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясын жариялады.

– Бұл акцияның негізгі мақсаты – әйелдерге қатысты барлық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесу, болдырмау және халықты осы бағытта жасалып жатқан жұмыстармен заңнамамен таныстыру. Сондықтын ІІМ қызметкерлері жаңа айтып кеткен мүдделі органдармен бірлесіп, халық көп жиналатын жерде ақпараттандыру жұмысын жүргізіп жатыр, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.

Соңғы 4 жылда 900-ге жуық қазақстандық тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмған. 2086 тұрғын ауыр дене жарақатын алған. Елімізе тән жарасын мамандар емдегенімен, жан жарасын жазып алатын орталық тапшы. Олқылықты оңалту үшін жаңа тұжырымдама әзірленіп жатыр. Бастама негізінде отбасын қолдау орталықтарының қызметтерін стандарттау қарастырылады.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Сегіз жасар қызды зорлаған: Алматы облысында соттың алғашқы тыңдалымы өтті

Новости партнеров