Кәсіпкерден ақша бопсалап, жақындарының көзінше атып кеткен қылмыскерлер ұсталды

Кәсіпкерден ақша бопсалап, жақындарының көзінше атып кеткен қылмыскерлер ұсталды
Шуда болған шулы жағдай мұндағы тұрғындардың түн ұйқысын бұзған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында аухатты отбасыларды тонаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Мұздай қаруланған қос қарақшы үй иесінен ақша талап етіп, кейін отбасының көзінше атып кеткен. Шу ауданында болған шулы оқиғаның анық-қанығын өңірдегі Almaty.tv тілшісі Мерей Бает баяндап берсін.

Шуда болған шулы жағдай мұндағы тұрғындардың түн ұйқысын бұзған. Себебі арам ойлы 2 қарақшы суық қарумен жеке кәсіпкердің үйіне басып кірген. Бетперделі екеу алдымен емін-еркін аулаға еніп, кейін үй ішіне бағыт алғанда, кедергіге тап болады. Күдіктілер қарсы оқ атылғанын айтады.

Оқиға болған жерден:

– Оқтап алдым да, қайтадан жүгіріп бардым да қарадым. Сөйтіп едім есік ашылмады.

–  Ашық болғанда не істер едіңіз?

– Кіретін ем. Ақша алып кетер едім.

Бастапқыда қорқытып ақша аламыз деген күдіктілердің ойы орындалмады. Оның үстіне отбасы мүшелері де сырттан оралған тұста, абдыраған күдіктінің бірі оқ атып үй иесін жаралаған. Абырой болғанда жәбірленуші аман. Ал, құзырлылар облыстың 29 және 34 жастағы 2 тұрғынын ұстады.

«Полиция бөліміне 49 жастағы тұрғын шағымданды. Жәбірленуші өзінің жеке тұрғын үйіне түнгі уақытта медициналық маска таққан екі адамның баса-көктеп кірмекші болғанын жеткізді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық коддекстің 192-бап 3-бөлігі қарақшылыққа байланысты сотқа дейінгі  тергеу жұмыстары басталды», – деді Облыстық полиция департаменті Криминалды полиция басқармасының басшысы Бақыт Ашқаров.

Күдіктілер өз кінәсін мойындап, Шу ауданының уақытша ұстау изоляторы қамаққа алынды. Қылмыс қаруы тәркіленіп, бірқатар сараптамалар тағайындалды.

Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы,  Жамбыл облысынан

Новости партнеров