|
20.12.2023 | 19:34
2994

Алматыда тәртіп сақшысын соққыға жыққан жігіт қамауға алынды

ПД мәліметінше, көліктегі төрт жолаушы да масаң күйде болған

Алматыда тәртіп сақшысын соққыға жыққан жігіт қамауға алынды Almaty.tv

Алматыда тәртіп сақшысын соққыға жыққан жігіт қамауға алынды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әңгіменің әлқиссасы полиция қызметкерлерінің күдікті көлікті тексеруінен басталған. Тәртіп сақшылары Достық даңғылы мен Снегин көшесінің қиылысында жүргізуші мен төрт жолаушысы бар темір тұлпарды тоқтатыпты. Полицейлердің  талабын тыңдағысы келмеген жас жігіттер қарсылық көрсеткен. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан заңға бағынбаған азаматтардың боғауыз сөз айтып, полиция қызметкеріне жұдырық жұмсағанын көруге болады.

Сондай-ақ полиция департаментінің мәліметінше, көліктегі төрт жолаушы да масаң күйде болған. Ал темір тұлпар тізгініндегі азамат жолдастарының «арқасында» оқиға орнынан қашып құтылыпты. Қазір жүргізушінің жеке басы анықталған.

– Жолаушылар қоқан-лоққы көрсетіп, полицияның заңды талаптарына бағынбай, ұрыс-керіс шығарып жатқан кезде сол көлікті тізгіндеген азамат жоқ болып, бой тасалап кетті. Ол да мас күйінде болған болар. Бұл төрт азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 379-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар Әкімшілік кодекстің 2 бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Полиция қызметкерін соққыға жыққан азамат қазіргі таңда қамауға алынды, – деді  қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал тәртіп сақшыларына қол көтергендерге қандай жаза тағайындалары белгісіз. Мәселені тергеу шешеді. Жалпы мұндай жағдайда полицейлер қолындағы қаруын қолдануға рұқсат па? Бұл жайлы заңгердің де пікірін білдік.  

– Заңнамаға сәйкес, полиция қызметкері тек өзінің өміріне қауіп төнген жағдайда ғана қолдана алады. Бірақ полиция қызметкерлері қару қолдануға да қорқады. Өйткені әр қолданған қару үшін қылмыстық іс қозғалып, полиция қызметкерлері кінәлі болып, жұмыстан шығып жатады. Сондықтан осы орайда полиция қызметкерлеріне билік берген дұрыс деп ойлаймын, – деді заңгер Ғабит Өмірбеков.

Айта кетейік, елімізде биыл ішкі істер органы қызметкерлеріне күш көрсету бойынша 621 қылмыстық іс қозғалған. Аталған деректерден 758 азамат зардап шегіпті. Заңға сәйкес, тәртіп сақшылармен текетірес үшін заң бұзушылар іс-әрекетіне қарай айыппұл арқалап, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Отшашудан жарақат: қандай алғашқы көмек көрсету керек

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир