|
14.04.2023 | 19:38
9715

Досымның қасына жерлеңдер: Саты ауылында тағы бір жасөспірімнің денесі табылды

Оқиға болған күні күдікке ілінген 11-сынып оқушысын қамауға алғанымен, бүгін полиция оны үйқамаққа жіберіпті

Досымның қасына жерлеңдер: Саты ауылында тағы бір жасөспірімнің денесі табылды Almaty.tv

11 сәуірде жоғарғы сынып оқушысының қолынан қайтыс болды деген 10-сынып оқушысының өліміне қатысты жаңа дерек пайда болды. Алматы облысы Саты ауылындағы істің ақ-қарасы ажыратылмай жатып, бүгін дәл сол ауылдан тағы бір жасөспірімнің денесі табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ел аман, жұрт тынышта 2 бірдей табыт шыққан Саты ауылынан береке кеткелі 3 күн болды. Мектеп оқушыларының арасында болған жағдайды жергілікті жұрт әлімжеттік деп отыр. 11 сәуірде қаза болған Мирастың жолдастары да қазір жедел жәрдем бақылауында екен.

«Мирас талып қалды», «Мирас құлап қалды» деп ар жағында айғайлап жатыр. Ол 9 және 10-сынып оқушыларын жинаған, уатсаптан бәріне жазып, звондап, шақырған.  Сол жерде жаңағы бала бірінші баланы, сосын екінші баланы тепкен. Менің інім білмеген ғой, айналып келіп інімнің кеудесінен тепкен. Дәрігерлер «жүрегі жарылып кеткен» дейді ғой», – деді М. Әскербайдың әпкесі Ботакөз Әскербай.

Бұл – марқұм болған Мирастың соңғы бейнежазбаларының бірі. «Жүзі жылы баламның жаназасын шығарамын» деп ойламаған анасы, бәрін құзырлы органдар бақылауға алып, айыпталушы заң бойынша жазаланғанын қалайды.

Ал сыныптасын кеше жер қойына тапсыра сала, өзіне қол жұмсаған баланың соңғы хаты бүгін тұтас Саты ауылының қабырғасын қайыстырды. «Мені де досымның қасына жерлеңдер» деп жазып кеткен жасөспірім кеше түнде малға шөп салуға шығып, қайта оралмаған.

Сыныптасының жаназасынан соң үйге сыймаған марқұм түнде осы қорада асылып қалған. Әкесі оны түнде тауып алыпты. Ал оның бұндай қадамға баруын досының өлімімен байланыстырып отыр.

Оқиға болған күні күдікке ілінген 11-сынып оқушысын қамауға алғанымен, бүгін полиция оны үйқамаққа жіберіпті. Бұл шешімге халық наразы. Ал күні кеше қаза болған марқұмның әкесі істің әділ қаралуын талап етіп отыр.

«Үйқамаққа шықты» деген әңгіме шығып жатыр. Ол не сұмдық? Мына жақта балаларымыз өліп жатыр. Оны қалай жібереді үйқамаққа? Ол күдікті, «сол ұрды» деп 13 адам қол қойып берді», – деді Д. Байтұрсынның әкесі Қанат Айтбаев.

Кеген ауданының Полиция бөлімі тергеудің құпия жүргізіліп жатқанын айтып, мән-жайды толық баяндап бермеді. Тек сот-медициналық сараптамадан соң қосымша ақпар беретінін айтып, қысқа қайырды.

«Күдіктіні ҚР Қылмыстық кодексінің128-бабының талаптарына сәйкес Кеген ауданы полиция бөліміне қамауға алды. Одан күзетпен бұлтартпау шарасы санкцияланған түрдегі өтініш хатпен Кеген ауданы сотына жолданды. Кеген ауданы сотының қаулысы негізінде күдіктіні үйқамаққа бұлтартпау шарасына өзгерткен», – деді Кеген ауданы полиция бөлімінің тергеушісі Олжас Қуатұлы.

«Аталған дерек аудандық полицияда ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, 3-бөлігі бойынша тіркелді. Жедел іздестіру іс-шараларының барысында полиция қызметкерлері 17 жасар күдіктіні анықтап, ұстады. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындап, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодекісінің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр», – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ернар Сайділдин.

Саты ауылының азаматтарының айтуынша, мұндай сұмдық жайт мектеп оқушыларымен тәрбие жұмысы жүргізілмегендіктен орын алған. Олар «мектеп директоры мен ұстаздар әрбір баланы бақылауында ұстап, қадағалауы керек» деп есептейді. Ал қайғылы жағдай қайталанбас үшін оқиғаға қатысы бар азаматтардың қатаң жазалануын сұрайды.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир