|
14.04.2023 | 21:23
4793

Астанада ақылы тұрақтардың қызмет сапасы қайта қаралып, пысықталмақ

Елорда аумағында 6 мыңнан артық ақылы автотұрақ жұмыс істейді

Астанада ақылы тұрақтардың қызмет сапасы қайта қаралып, пысықталмақ Almaty.tv

Астанада ақылы автотұрақ туралы келісімнің заңдылығы тексеріледі. Бүгін Үкімет басшысы қала билігіне осындай пәрмен берді. Бас қаладан ашылған 6 мыңнан артық ақылы тұрақтың қызмет сапасы қайта қаралып, пысықталмақ. Бұған бұқараның наразылығы себеп болып отыр. Кәсіпкерлер мен қарапайым халық бастаманың қолжетімсіздігіне шағымданады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір елорда аумағында 6 мыңға жуық ақылы автотұрақ жұмыс істейді. Табыстың көзін тапқан компания оларды мектеп, ауруханадан бөлек, үлкен сауда кешендері маңына да қоя бастаған. Алайда ақылы қызметтің барлығының дерлік сервисі сын көтермейді. Әсіресе, қыс кезінде темір тұлпар тізгіншілерінен шағым көбейеді екен. «Бастама кәсіпкерлерге тиімсіз» дейді ойын-сауық орталығы компаниялар тобының өкілі. Ақылы тұрақ орнатылғалы келуші саны азайып, табыс 30% -ға кеміпті.

«Біз біраздан бері ақылы тұрақ мәселесімен күресіп келеміз. Бұл түйткіл шешілмеді. Біз оның ешқандай тиімді тұсын көріп тұрған жоқпыз. Кейде құбыр жарылып, көлік апаты болса, ақылы тұрақтың аумағын өз қаражатымызға жөндейміз. Жол белгілерін де өзіміз қоямыз. Тазалау жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Ал ақылы тұрақ ұсынатын компания құрғақ уәдемен уақыт созып келеді. Біз біраз жылдан бері әкімдікке тұрақ аумағын біздің меншікке беруді сұрап, хат жазып келеміз. Осы күнге дейін келушілер үшін тұрақты тегін ететін едік», – деді Ойын-сауық орталығы компаниялар тобының заңгері Руслан Ізбасов. 

Бас қалалықтар бас ауыртқан мәселені бүгін Үкімет басшысы назарға алды. Әлихан Смайылов елорда әкімдігі мен «Астана автотұрақ кеңістігі» компаниясы арасындағы келісімшартты қайта қарауға пәрмен берді. Қос тарап 2018 жылы келісім жасаған. Енді бұл құжатқа монополияға қарсы талдау жасалып, заңнама бойынша тексеру жүргізіледі.  

«Астана қаласында ақылы көлік тұрағы кеңістігін енгізу бойынша мемлекеттік - жекеменшік серіктестік келісімшарты жасалды. Ол бойынша 10 000-ға жуық ақылы тұрақ енгізу қарастырылған. Бүгінгі күні бізде 6500-ге жуық ақылы тұрақ енгізілді», – деді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлімі басшысы Тұрсынғали Жәкенов.

Елордада ақылы тұрақтар 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Одан түскен пайданың нәбәрі 5 пайызы жергілікті бюджетке жіберіледі екен. Осыдан ай бұрын шаһар басшысы қаладағы ақылы тұрақтардың жұмыс форматы қайта қаралатынын хабарлаған еді. «Олардың орналасатын жері, жұмыс істейтін уақыты, тіпті тарифі де өзгереді» деді Жеңіс Қасымбеков. Негізгі жоспар бойынша тұрақтың санын 10 мыңға жеткізу көзделген.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир