Елімізде биыл бір вице-министр, 2 судья, 3 генерал жемқорлық фактісімен қолға түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновтің айтуыншы, жыл басынан бері елімізде 1000-нан астам пара алу жағдайы тіркеліп, 600-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Айта кетейік, бүгін Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновті қабылдады.
«Елімізде тәртіп орнату, экономикамызды монополиядан босату жөнінде Президенттің тікелей тапсырмасымен жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесінде 220 млрд теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша да белсенді жұмыс атқарылып келе жатыр. Жақында ғана агенттік қызметкерлері Көліктік бақылау комитетінің жұмысын талдады және құзыретті органдарға тиісті ұсыныстар енгізді», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов.