|
05.04.2024 | 15:31
2196

Баспанасынан айырылды: ұлытаулық зейнеткер алаяқтардың құрығына қалай түсті

Биыл азаматтарға 56 млн 645 мың 330 теңге шығын келген

Баспанасынан айырылды: ұлытаулық зейнеткер алаяқтардың құрығына қалай түсті Almaty.tv

Елде интернет алаяқтық артты. Желіде жақынындай болып, жеке мәліметке қол жеткізетіндер жас-кәріні де талғамайтын болған. Ұлытаулық зейнеткер 13 миллион теңгесін қолдан санап беріп, алаяқтардың құрығына түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

72 жастағы әйел Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атын жамылған бейтаныс адамға банктен несие алып, ақшасын соларға аударып жіберген. Алаяқтар зейнеткердің сеніміне кіріп, айласын асырыпты. Олар: «Есепшоттағы ақшаңызды әлдекімдер шешіп алуға талпынып жатыр, солардың жолын кесу үшін айтқанды орындаңыз»деген. Тіпті кейуананың қай банкке баратынына дейін қаржы қарақшылары таңдап беріпті. Оларға имандай сенген Валентина Абдюшева мәселенің мән-жайын кеш түсінген.

– 28 ақпанда Сәтбаев қаласындағы ҰҚК капитанымын деп  қоңырау шалды. Тіпті тегін Шатохин деп таныстырды. Олардың айтуымен банкке барып, 2 млн несиені рәсімдеп, есепшотына терминал арқылы аударып бердім. Олар артынша маған мөр басылған, «несие жоқ» деген қағазды да суретке түсіріп жіберді, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Валентина Абдюшева.

Сан соғып қалған қария баспанасынан да айырылып отыр. Әккі айлакерлер дәл осындай жолмен қарт кісіні пәтер сатуға көндірген.

– «Сіздің пәтеріңізді біреулер атына аударып алмақшы, тез арада ақша салмасаңыз пәтерден айырыласыз» деді. Алдыңғы жағдайда барлық құжатты жіберген соң, сендім. Осылайша үйімді сатуға хабарландыру бердім. Сатып алушылар да тез табылды, себебі мен пәтерімді төмен бағада ұсындым, – деді Валентина Абдюшева.

Кейуана қазіргі пәтерін жуырда босатып, жаңа иесіне кілтті табыстайды. Өйткені сатып алушылармен бетпе-бет кездесіп, келісімнің барлығын заң жүзінде жасаған. Бүкіл ақшаны аударғанша ешкімге тіс жармаған қария пәтер жалдауға мәжбүр болып отырғанына қапалы. Алаяқтарға алданғанын банктен келген ескертуден кейін білген зейнеткер  Сәтбаев қалалық Полиция басқармасына арыз жазды.

– Қазіргі таңда аталған қылмыстық оқиғаға қатысты кешенді іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Осы оқиғаға байланысты Қазақстанның 10 азаматы анықталып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Қазір интернет алаяқтарының кесірінен зардап шеккендердің саны күн санап артып келеді. Сондықтан азаматтарды сақ болуға шақырамыз! – деді Сәтбаев қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Мұхаммед Кәрменов.

Полиция бөлімінің мамандарының айтуынша, алаяқтарға алданып қалмаудың жалғыз жолы – жеке ақпаратты жарияламау.

Айта кетейік, былтыр өңірде 138 алаяқтық дерегі тіркелген, 35 жағдай ашылмаған күйде қалды. Ал биыл интернет алаяқтықтың 11 фактісі тіркеліп, азаматтарға 56 млн 645 мың 330 теңге шығын келген.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиза Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Желге ұшқан ақша: екі ай бұрын қолданысқа берілген полиция ғимараты құлауға шақ тұр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир