Шымкентте тапа-тал түсте кафеде орын алған атысқа қатысты сот үкімі шықты. 2019 жылы қаладағы «Сүндет» дәмханасында қанды қырғын орын алып, бір адам ажал құшқан еді. Енді, міне, екі жылға созылған қылмыстық іске нүкте қойылып, кінәлілер анықталды. Алайда олардың барлығы жауапқа тартылған жоқ. Сот үкімі шыққанымен, екі күдікті әлі де іздестірілуде, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шымкенттегі атышулы қанды қырғынға ақыры сот нүктесін қойды. Қаладағы «Сүндет» дәмханасында орын алған оқ борасынан кейін екі күдікті ғана ұсталған. Олардың бірі 32 жастағы Тоқтар Мырзабаев болса, екіншісі 26 жастағы Руслан Рахметов. Қалған екі күдікті әлі іздестірілуде. Ал, қолға түскен екі сотталушының үкімі бүгін оқылды.
«Сот сотталушылардың аса ауыр қылмыс жасағанын кінәсін мойындамағанын, оларға өкініш білдімегенін, жәбірленуші Бакирова оларды кешірмегенін ескеріп, Мырзабаевты түпкілікті 18 жыл, Рахметовке түпкілікті 16 жыл жазасын өтеу мерзімін тағайындауға үкім етті. Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеу деп белгіленді», – деді қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев.
Еске салайық, Шымкентті дүрліктірген жағдай 2019 жылдың қазан айында орын алған еді. Қанды оқиға салдарынан бір адам ажал құшты. Судья сөзінше, тағы бір адам көзінен айырылып, мүгедек атанған. Бас бостандығынан айырылғандар жарақат алыпты.
«Ол медициналық бөлімде жатыр. Жүре алмайды. Ал Рахметовтың жағдайы жақсы», – деді қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев.
Бірін-бірі аяусыз атқан тараптар дауы әу баста қаржылық пирамида кесірінен басталған екен. «Сүндет» дәмханасында жан тапсырған Бакиров салымшылар сөзін сөйлесе, 18 жылға сотталған Мырзабаев пирамида патшайымы саналатын Нұрқожанованы қорғапты. Айта кетейік, есімі аталған азамат та қазір сот алдында жауап беруде.
«Салымшылар қаржы пирамидасында істейтін Нұрқожанова атты азаматшаға қазір оған қатысты іс қаралып жатыр Ленгір қаласында. Салымшылар қайта-қайта келіп, ақшасын қайтаруды талап еткен кезде өздерімен бірге қылмыстық ортаға жақын адамдарды ертіп келген екен», – деді қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев.
Атыс қаруын заңсыз сақтап, адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, бұзақылық ниетпен басқа адамдардың өміріне қауіп төндіріп, өлтірді деген айып тағылған Мырзабаев пен Рахметов бұған дейін де сотты болған екен. Енді олар жазасын барынша қатаң түрдегі мекемеде өтейді. Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.