L-Capital қаржылық ұйымына ақша салып, алданған жұрт күдіктілердің бәрін қамауға алуды талап етті. Бүгін 10-нан аса салымшы қылмыстық іске қатысты тергеу амалдарымен келіспейтіндерін айтып, шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Зардап шеккен азаматтар «миллиондап салған ақшамыз қайтқан жоқ, ал күдіктілер бостандықта жүр» деп ашулы.
Ақша салып, пайданың орнына басына бәле тілеп алған салымшылар бүгін тағы даурықты. Атышулы қаржы ұйымын құрғандардың жазасы жеңілдегенін естіген жұрт бірден қалалық прокуратураның алдына жиылды. Осы күнге дейін қамауда болған 6 күдіктіден сыртқа шықпау туралы қолхат алынған көрінеді. Іс басталғалы үйқамақта отырған тағы бір адам бар екен.
«L-Capital қаржылық ұйымы ақшамызды қайтарсын. Басқа айтарымыз жоқ. Еңбекақымызды, маңдай терімізді қайтарсын. Неге босатты? Қайтадан отырғызсын. Ақшамызды қайтарсын. Сот болсын, тек әділдік болсын деймін», – деді зардап шеккен азамат Рысгүл Жолымбекова.
Бұдан бөлек тағы 5 күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған. Қаржы компаниясы еліміздің барлық өңірінде қызмет еткен. Компания жұртты өндіріске инвестиция құйып, бағалы қағаздар ұсыну арқылы табысқа кенелтеміз деп сендіріп келген.
«Маған бұл компанияның акциялары KASE-де сатылады деп таныстырды. Олардың құс фабрикасы мен тұз өндіретін зауыты бар деп сендірді. Сондықтан мен өндіріске ақша салып жатырмын әрі сол арқылы өз дивидентімді аламын деп ойладым», – деді зардап шеккен азамат Майра Жақыпова.
Даулы мәселеге еліміздің бас прокуратурасына қарайтын тергеу тобы араласып, салымшылардың шағымын тыңдады. Халықтың талап-тілегін заңды түрде орындау үшін барын салатынын алға тартты. Сондай-ақ прокуратура жазасын өтеп жатқандардың жазасы жеңілдегенін жасырмады. Ал елге келтірілген шығынды өндіру тек сот арқылы жүзеге аспақ.
«6 күдікті тұлғаға қатысты бұлтартпау шаралары бір жылдан астам уақыт қамауда ұсталуына, отбасылық және басқа да жағдайлармен байланысты жеңілдік шарасына ауыстырылды. L-Capital компаниялар тобының және күдіктілердің мүліктеріне соның ішінде банктік есеп-шоттарына тыйым салынған. Сонымен қатар келтірілген залалды өтеу туралы шешім сотпен қабылданатын болады. Қазіргі таңда қылмыстық іс өндірісте», – деді қалалық прокуратура басқарма бастығының орынбасары Сержан Байбатыров.
Сан соққан салымшылар күдіктілерді қайта қамауға алу үшін барын салатын сыңайлы. Тіпті, прокуратураға тиісті арыз да түсіріп қойған. Әр өтініш жеке қаралып, жауабы 15 күнде белгілі болмақ. Жалпы L-Capital ұйымына қатысты қылмыстық істің шеңберінде алданды деген 1300-ден аса адам бар. Келтірілген шығын көлемі 7 миллиард теңге деп белгіленген.
Назкен Еркін, Ануар Амангелдинов, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы