Не көлік, не ақша жоқ: көлігін сатпақ боп алданған азаматтар әділдік іздеп жүр

vechastana.kz
vechastana.kz
Алданған азаматтар 29 наурызда арыз жазған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Автомобиль сатпақ боп алданған азаматтар істің ақ-қарасын әділ ажыратуды сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сайтқа көлік сатамын деп жарнама салған азаматтарға әу баста компания менеджерлері хабарласады. «Көлігіңізді тиімді тәсілмен өткізіп береміз» деген жарнамаға жұрт сенеді. Келісімшарт жасасады. «5 күн ішінде сатылған көлігіңіздің ақшасын қолыңызға ұстатамыз, сатылмаса, мүлкіңізді қайтарамыз» деген жандарға кілтті табыстапты.

«Екі қабатты ғимаратта отыр. Киімі де тәуір.  Бізге сату-сатып алу келісімшартын берді. Көлікті Ресейге сататын болған. 3 күннен кейін «сендерді алдап кетті, өздері де жоқ, машина да жоқ» деп хабарласып айттып тұр», – деді қала тұрғыны Дәурен Тәшкенбаев.

Жарнамасы желіні жарып тұрған соң, сенімді боп көрінген компания қазір тып-типыл жоқ боп кеткен. Келісім жасасқан кеңсе де жабылыпты. Ал ары-берісі 20 миллионнан 45 миллион теңгеге дейінгі көліктің иелері «автомобиль ендігі бөлшектеніп кетті ме?» деп қорқады.

«Менің көлігім 25 млн тұрады. Мына жанымдағыларда 37-40 млн тұратын көлігін сатпақ болған.  Бәрі жаңа еді. Сатып алған көліктер Қостанайда, Ақтөбеде, Ресейдің шекарасында тұр деген әңгіме шығып жатыр. Неге соттың шешімімен ұстамайды? Жұмысты неге тез-тез жүргізбейді?» – деді қала тұрғыны Ринат Әміржанов.

«Бәріміз Ішкі істер департаментіне, прокуратураға хат жаздық. Әлі жауабын алған жоқпыз. Бірінші күні-ақ көлікті тауып алған.  Осы қалада жүрген машинаны ұстай алмай ма?» – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Қыдырбай Қасымбеков.

Алданған азаматтар 29 наурызда  арыз жазған. «Арада 1 айға жуық уақыт өтсе де, әлі нақты нәтиже болмай отыр» дейді олар. Оның үстіне, қолдан қолға өткен көліктердің мекен-жайын да өздері анықтап отырған көрінеді.  

«Куәгер деген адам өзінің кінәсінің бір бөлігін мойындады. Беттестіру процесі барысында біз оның көліктерді есептен шығарып, қайта тіркеумен айналысқанын білдік. Бірақ біліп қана қою жеткіліксіз ғой. Осынша адамның алдануына бір ғана азамат себепкер дегенге сенбейміз. Бізге нақты, әрі әділ шешім керек», – деді қорғаушы Айжан Қосмұратова.

Қалалық полиция департаменті берген ақпарға сүйенсек, күдікті Ақтөбе қаласында ұсталған. Қазір аталған іске қатысы бар деген азамат үйқамақта отыр.

«ҚК 190-бап, 4-тармақ бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда күдікті азаматша анықталды. Бүгінде Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлері осы факті бойынша іс-шара атөарып жатыр», – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Еркін Өтегенов.

«Қылмыстық іс бойынша «Рольф» ЖШС қызметкерлері алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы 5 жәбірленушіні жалпы сомасы 129 млн теңгеден асатын автокөліктерін иемденіп алып, ары қарай сатып жіберген. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Алайда, ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол берілмейді», – деді Алмалы аудандық прокурорының орынбасары Темірлан Қанатжанов.

Азаматтар не ақша, не көлік қайтсын деген талабын жеткізді. Олардың қорғаушылары да «ресми арызданған алты адам болғанымен, ел бойынша мұндай алдауға ұрынғандардың саны екі-үш есеге көп» дейді. Әзірге істің ақ-қарасы толық ажыратылған жоқ.

Мадина Оқас, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров