Kaspi Bank бөлімшесіне шабуыл жасаған күдікті 8 жылға сотталуы мүмкін

Almaty.tv
Almaty.tv
Алихан Мурадов кінәсін мойындап отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанадағы Kaspi Bank бөлімшесіне басып кіріп, қызметкерлерін тұтқынға алған Алихан Мурадов 8 жылын түрмеде өткізуі мүмкін. Бүгін мемлекеттік айыптаушы оны кінәлі деп танып, судьядан 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұндай жазамен жәбіренушілер де келісіп отыр. Отырыстың ортасында тілшілер Мурадовтың өзімен тілдесіп, оқиғаның мән-жайын сұраған болатын. Сотталушы оқиға күні ешкімге зиянымды тигізгім келмеді деп ақталды. Тіпті, болған жайт туралы кітап жазып жатырмын деп ағынан жарылды. Ал келіссөз жүргізуге кірген сол кездегі Ішкі істер министрі Марат Ахметжановты танымаған екен.

– Ол кісіге дейін бірнеше адаммен сөйлестім. Сосын ішке кіріп, «мен министрмін» дегенде сенбедім. Тұтқында тұрған қызға Google-ден қарап беруін өтіндім. Ғаламтордағы суреті шыққанда сендім. Министр қыздарды босатып, олардың орнына өзін алуды ұсынды. Олай істеуге болмайтынын түсіндім. Себебі ол кезде бірден ішке күштік құрылымдар басып кіретін еді, – деді сотталушы Алихан Мурадов.

15 минут үзілістен кейін сот отырысы жалғасты. Алихан Мурадов кінәсін мойындап отыр. Қандай жаза берілсе де арқалауға дайын екенін жеткізіп, жәбірленушілерден кешірім сұрады. Мұндай қадамға өмірден түңіліп, күйзелістен барғанын жеткізді.

– Банкке басып кірерде сыра ішіп алдым. Бірақ ешкімді жарақаттағым келмеді. Кейбір қызметкерлерге кабинеттен шықпай отыруды бұйырдым. Мен өзімді Робин Гуд сияқты көрсеткім келмейді. Дегенмен, қолыммен істегенімді мойныммен көтеруге дайынмын. Банк қызметкерлерінен кешірім сұраймын, – деді сотталушы Алихан Мурадов.

Бүгінгі сот отырысында тараптардың жарыссөздері өтті. Жәбірленушілер сотталушының сөзімен толық келіспейді. Алихан Мурадов сотта оқиға күні «банктің жарты акциясын жетімдерге аударуды талап еттім» десе, банк менеджері сотталушы «толық акцияны аударуды сұрады» дейді. Прокурор Мурадовты 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 18 қыркүйекте сот үкімі шығады.

Оқи отырыңыз: Әйелдің басын кесіп, қоқысқа тастаған: кезекті сот отырысы өтті

Новости партнеров