Алматыда әйелдің басын кесіп, дүкенге қалдырып кетті деген күдікті Асхат Иманқосовқа қатысты кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Азамат бұл жолы да қанды қылмысқа бармағанын айтып ақталды. Ал дүкен иесі қылмыскердің Иманқосов болуы әбден мүмкін дейді.
– Көзілдірік тағып, бетперде киген ол еңкейіп, ақырын ғана дүкенге кірді. Алайда мен оның құлақ тұсын, көзін байқап үлгердім. Мен қылмысты жасаған осы азамат деп ойлаймын, – деді куәгер.
Ал сотталушымен бірнеше жыл бірге тұрып келген әйел «оның мұндай жантүршігерлік қылмысқа баруы мүмкін емес» деп отыр. Оның айтуынша, күдікті әйелдерге тіл тигізбейді.
– Дәл сол күні жұмыстан келгенде «жаңалықты естідің бе?» деп сұрады. Маған оқиғаны айтып берді де, күнделікті жұмыстан өзі күтіп алатынын, мен үшін қорқатынын айтқан, – деді қала тұрғыны.
Еске сала кетейік, Алматыдағы базарлардың бірінен пакетке салынған бас табылып, дүйім жұрт шулаған еді. Екі аптаға жетпей 61 жастағы күдікті ұсталып, оған адам өлтіру бабы бойынша іс қозғалды. Ал қылмысы дәлелденсе, Иманқосов кемі 15 жылға немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Әйелдің басын кесіп, қоқысқа тастаған: сараптама қорытындысы жарияланды