Алматы облысында әйел мен өгей балаларын пышақтап өлтіріп, кейін қылмысын жасыру үшін үйді өртеп жіберген күдікті құмар ойынға әуес болған. Оның ішімдікке де жақындығы бар еді деген марқұмның туыстары отбасында жанжалдың да жиі шығатынын жасырмады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қорқынышты кадрларды 14 қыркүйекте өрт шыға сала көмекке келген көршісі түсіріп алыпты. Ол кезде қызыл жалын шарпыған үйден үш мәйіт шығады деп ешкім ойламаған.
– Шешесінің сүйегін алып шықты. Сәлден соң аяғы жанып кеткен баланың сүйегін шығарды. Ұлдың бір ғана жерінен жарақаттапты, ал қыз бен әйелді пышақтап тастаған, – деді көршісі Еркінжан Қасенов.
Куәгерлер айуандықпен бір түнде үш адамды өлтірген азаматтың басқа қылмысқа қатысы болуы мүмкін деп күдіктенеді. Өйткені жүрісі суыт, мінезі тұйық азамат көп көзіне көп түсе бермейтін көрінеді.
– Жиі жанжал болып тұратын. Наурызда, ораза кезінде болды. Біреулер қылмысты ақша үшін жасады десе, енді бірі бұрынғы күйеуінен қызғанғанын айтады. Ізін жасыру үшін өрт қойып кеткен. Кеше полиция осында әкелді. Ол қай жерден кіріп, қалай шыққанын, пышақ салғанын айтып көрсетті, – деді көршісі Еркінжан Қасенов.
Көршілердің айтуынша, күдікті асқан қатыгездікпен жасаған қылмысын жасыру үшін үйге от қойған. Содан есікті сыртынан бекітіп, өзі ел көзінен тасада қалу үшін ізін суытқан.
Жақында қамауға алынған күдіктінің тіркелген мекенжайы Алатау ауданы деп көрсетілгенімен, ол мекенжайда тұрақтамапты. Қарызға белшеден батып, құмар ойынның құрығында жүрген қаскөйдің қолын қанға былғауына ақша себеп болуы мүмкін.
– Иә. Ол да мүмкін. Құмар ойын ойнайды. Өлім жазасын берсін. Басқа отбасына да қауіпі бар, – деді марқұм әйелдің жиені Нұрсұлтан Қамшыбаев.
– ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алматы қаласында жедел іздестіру барысында күдікті ұсталды. 1982 жылы туылған ҚР азаматы абақтыға қамалды, – деді Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Серік Шалхаров.
Бір үйдің үш адамын жақындары жер қойнына тапсырыпты. Ал тұтас елдің есін екеу, түсін төртеу қылған қылмысқа қатысы бар деген күдіктіге қатысты шешімді сот шығарады.
Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Жетісу облысында баласын саудаға салған азамат ұсталды