Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилердің қатысуымен сот отырысы өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Отырыс жоғарғы соттың ютуб арнасында онлайн көрсетілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Мен өзіме тағылған айыпты мойындамаймын». Экс-министр Қуандық Бишімбаев бүгін тағы прокурордың сөзімен келіспейтінін айтты. Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-шенеуніктің ісі бойынша алқабилердің қатысуымен сот отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, оған 12 алқаби іріктеліп алынған еді. Оның ішінде жетеуі әйел адам болса, қалғаны - ер азаматтар.

Экс-шенеунікке қатысты сот процесі бүкіл қазақстандықтардың назарында. Отырыс жоғарғы соттың ютуб арнасында онлайн көрсетілді. Бір мезетте 6 мыңға жуық адам сот процесін қарауға мүмкіндік алды.

Айтпақшы, алқабилерді фото мен видеоға түсіруге тыйым салынғанын да айта кету керек. Айып актісін оқыған прокурор Саяхат Нұрбеков сотталушының Салтанат Нүкенованы қалай азаптап өлтіргенін оқып берді. Ал екінші прокурор Айжан Аймағанова марқұмның денесіне жасалған сараптама нәтижесін жіпке тізді.

– Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкеновамен шаңырақ көтергелі бері оны қызғанатын болған. Телефонын әрдайым бақылауда ұстап отырған. Тіпті порнографиялық видео, фотоға түсуге итермелеген. Салтанат Нүкенова Бишімбаевтан кетіп қалуға бірнеше рет талпынған. Алайда сотталушы оның сеніміне кіріп, қайтадан көңілін аулаған. Соңғы рет екеуі концертке барып, ол жақта жанжалдасқан соң, «Бау» мейрамханасына келген. Ішімдік ішіп, Бишімбаев Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып-соққан. Кейін жәбірленуші көз жұмған, – деді прокурор Саяхат Нұрбеков

Қуандық Бишімбаевқа аса қатыгездікпен адам өлтіру, тәуелді адамды жүйелі түрде ұрып-соғу фактілері бойынша айып тағылып отыр. Сотталушы бұл айыппен келіспейтінін айтты.

– Айтайын дегенім, менің сотқа дейінгі тергеуде де, еш жерде де өз оқиғамды айтуға мүмкіндігім болған жоқ. Прокурордың жаңа ғана оқып шыққанының бәрі ешқандай дәлелі жоқ ойдан шығарылған. Мен аса қатыгездікпен қасақана адам өлтірген жоқпын, – деді сотталушы Қуандық Бишімбаев.

Айтпақшы, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов сотталушының видеоны жоюға бұйрық бергенін мойындады. Бірақ «қылмыс жасады ма, жоқ па, оны білмеймін» деді. Осылайша сот барлық тарапты тыңдап, келесі сот отырысын 29 наурызға белгіледі.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Алқабилер сотына қандай тыйым салынады

Новости партнеров