|
12.02.2024 | 20:35
11143

Қорғансыздың күні: 17 жастағы қызды зорлап келген күдікті ұсталды

Қылмыстық іс бойынша тергеу басталды

Қорғансыздың күні: 17 жастағы қызды зорлап келген күдікті ұсталды elements.envato.com

«Бірнеше рет өзін өлтірмек болған». Алматы облысына қарасты Жетісу ауылында есірткіден есі кеткен жігіттер 16 жастағы бойжеткенді мәжбүрлеп, психотропты заттарға тәуелді еткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жетісу ауылының 11-сынып оқушысы екі жыл бойы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Өйткені бойжеткенді алғашқыда достыққа тартқан көрші балалар артынша оны қорқытып, күш көрсетіп, есірткі тұтынуға мәжбүр етіпті.

– 9-сыныпты қалай бітірдім, Азат есімді баламен таныстым. Ол достарымен таныстырды. Жаз мезгілінде араласа бастадым. Бірге қыдырдық, одан кейін келіспеушілік көп болды. Мені қорқыта бастады, мені видеоға түсірді, пышақпен қорқытты. Үйдегілерге айта алмадым. Зорлады,  ұрды, таяқ та жедім, – дейді жәбір көрген бойжеткен.

Отбасының жауқазындай жалғыз қызы «жауыздардың» қолына есін білмей түсіп, зорлыққа тап болған. Жақындары оның мұндай мүшкіл халін байқаса да, қызынан ешқандай жауап ала алмапты. Барлық мән-жайды туыстары жасөспірім үш тәулікке жоғалғанда білген. Іздеу салып, әбден әбігерге түскен туыстары қызды үсті-басы көгеріп, әлсіз күйде жатқанда тапқан.

– Балам жоғалып кетті. Мектепке, 102-ге хабар бердім. Кешкі сағат 9:30-да баламды ес-түссіз әкеліп тастады. Үйге келіп, жедел жәрдем көлігін шақырдық. Ол жансақтау бөлімінде 5 сағат жатты. Ауруханадан келгеннен кейін, үйге ата-анасы кешірім сұрап келді. «Шығынды көтерейік» дейді. Мен оларды танымаймын, – деді қыздың анасы.

Отбасы бір жыл бойы қатты өзгерген қыздарын танымай, психологқа жүгінген. Алайда еш көмек алмаған бойжеткен амалсыздан түрлі әрекетке барып, өмірімен де қоштаспақ болған. Ал доспыз деп шыққан азаматтар күнде оқушыны аңдуды доғармаған.

– Бөлмесінде қызым есікке асылып қалды, Түркиядан келсем қолында тілік ізі болды. Сұрадым, айтпайды. «Айтсаң ініңді, мамаңды өлтіріп кетемін. Сенің ағаң жоқ, әкең жоқ, ешкімің жоқ» деп қорқытқан. Бала қорқып мектепке барады, аналар оны тосып алады, – дейді қыздың анасы.

– Жетісу ауылының тұрғындары «жеңіл жүрісті» қыз деп жазып жатыр. 13-14 жасында неге көз жұмып отырды екен? Жаны ашыса, сол кезде неге шара қолданбаған? Мектепте, полицияда есепте тұрыпты. Үйден жоғалады екен, – деді қоғам белсендісі Ақмарал Басирова.

Қазіргі таңда аталған іс бойынша аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды.

– Облыстық Полиция департаментінің аумақтық бөлімшесі болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу іс-шараларын жүргізуде. Қылмыстық іс бойынша тергеу барысын ерекше бақылауыма алдым. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабының ережелеріне сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді, – деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.

17 жастағы қыз қаладағы оңалту орталықтарының бірінде ем алып жатыр. Керекті сараптамалардың барлығынан өткен. Жантүршігерлік оқиғаны бастан кешкен отбасы қызғалдақтай қызын қорлап, тағдырын тәлкек еткен «жауыздарға» заң бойынша қатаң жаза берілуін талап етеді.

Әйкерім Пернебек, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Атырау облысындағы ауыл көшелерін су басты

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир