|
Mádenıet jáne shoý-bıznes
09.07.2019 | 11:24

Шымкент 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болып жарияланды

Асқар Мамин Шымкентті дамытуға қатысты тапсырмалар берді

Шымкент 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болып жарияланды Sputnik

Бүгін Үкімет отырысында Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин қаланың қандай бағытта дамитынын айтты.

«Шымкент қаласы  – Қазақстанның  мәдени, сауда-саттық, өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Қала xалқының саны 1 миллионға жеткенде Елбасы Шымкентке республикалық маңызы бар қала статусын берді. Осы ретте Үкімет пен қала әкімдігіне Шымкентті дамыту мен құрылыс салудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеп, бекіту тапсырылған болатын», – дейді Асқар Мамин.

Осы ретте Үкімет басшысы Шымкент қаласын дамытудың ең негізгі бес жоспарын атап өтті.

«Біріншіден, инвестициялық және экспорттық әлеуетті одан әрі арттыру керек. Қала инвесторларды магнитше тартып, өңірлік xабқа айналуы тиіс. Жалпы инвестициялардың белсенді жүзеге асуының нәтижесінде  бес жылда оның көлемін 1 трлн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Осы ретте 60 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі.

Екіншіден, көлік және инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін келесі жылы әуежайдың және жолаушылар терминалының құрылысы, сондай-ақ теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс.

Үшіншіден, тұрғын үй құрылысын дамытуды жалғастыру қажет. Осы ретте тұрғын үй құрылысын халықаралық стандарттар бойынша жүргізетін инвесторлардың тәжірибесін пайдалану керек. Тек «Шымкент Сити»жобасын іске асыру нәтижесінде 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Жалпы, кешенді жоспар бойынша тұрғын үй құрылысының көлемі кезең-кезеңмен 500 мың шаршы метрден 1 млн шаршы метрге дейін артып, баспанамен қамтамасыз ету бір тұрғынға 30 шаршы метр деңгейге дейін жеткізіледі. Осыған орайда Ұлттық экономика министрлігіне «Шымкент Сити» арнайы экономикалық аймақты құру жөніндегі ұсынысын қарастыруды тапсырамын.

Төртіншіден, Шымкент қаласының туристік әлеуеті жоғары. Цитадель қалашығын дамытып, шетелдік инвесторлардың қатысуымен xалықаралық деңгейдегі ойын-сауық орталығы мен аквапарк құрлысын аяқтау керек.

Бесіншіден, ТМД басшыларының шешімімен Шымкент қаласы 2020 жылы мәдени астана болып жарияланады. Бұл мәртебе қаланың одан әрі дамуына серпін береді. Осы ретте қала әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге тиімді шаралар жоспарын дайындауды тапсырамын.

Жалпы, аталған жоспарды іске асыру арқасында 2023 жылға қарай шаһардағы ЖӨӨ-ді 3,5 трлн теңгеге жеткізуге мүмкіндігі болады»,   дейді премьер-министр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, аталған отырыста Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2023 жылға дейін шаһарды дамытудың кешенді жоспарын таныстырды.