|
26.06.2019 | 19:00
3344

Абай атындағы опера және балет театрының хор әртістері жетекшісіз қалды

Театрдың бас хормейстері Әлия Темірбекованы «жұма күні келмеді» деген желеумен жұмыстан шығарған

Абай атындағы опера және балет театрының хор әртістері жетекшісіз қалды

Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрынан тағы да шу шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бұл жолы хор әртістері театр басшысы өздерінің жетекшілерін жұмыстан заңсыз шығарды деп ұлардай шулап отыр.

Ал, театр қызметкерлерінің былтырғы жаппай шағымынан кейін кеткен Бөрібаевтың орнына келген Ая Қалиева болса, барлығы заң аясында дейді.

«Біздің бас хормейстеріміз Әлия Темірбекованы «жұма күні жұмыста болмады» деген желеумен кеше ғана бұйрықпен жұмыстан шығарды. Орынбасары Нұржан Жұмабекұлы да бүгін мұндай жағдайда жұмыс істей алмайтынын айтып, өз еркімен кетті. Біз бұған қарсымыз. Сол үшін ұжымның 90 пайызы осында келіп тұрмыз», – дейді Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының хор әртісі Қанат МАТАНОВ.

Әртістердің айтуынша, жұма күні жетекшілері жұмыста болған. Тек түстен кейінгі үзіліске шыққан. Ереже бойынша, оған құқылы екен. Өйткені кешкісін тағы да 3-4 сағат дайындық жүргізеді. Сәйкесінше, 7-8 сағаттық жұмыс уақыты шығады. Ендеше, үзіліске шыққан хормейстерді жұмыста жоқ деп, әп-сәтте қызметтен кетіру негізсіз дейді ұжым. 25 жылдық тәжірибесі бар кәсіби маманды осылайша бір-ақ сәтте қуып шығу онсызда былтырдан бері қысым көріп келе жатқан әртістерге оңайға соқпаған. Тіпті театрдың экс-басшысы Бөрібаевтың заңсыз сөгіс жариялап кеткенін сотта дәлелдеуімізге тура келді дейді олар. Қысқасы, бұрынғы және қазіргі театр басшылары шығармашылықпен айналысуға деген шабытымызды су сепкендей басады  да отырады дейді хор әртістері.

«Бұрынғы басшымыз Асқар Бөрібаев жұмыстан кетер кезінде барлық хор әртістеріне заңсыз сөгіс жариялап кеткен. Соның ішінде хордың басшылығы да бар. Біз бірақ ол сөгістің заңсыз екенін бірнеше ай жүріп сотта дәлелдедік», – деді Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының хор әртісі Біржан МАМЫРБАЕВ

«Жақында біз  гастрольдік сапармен Нұр-Сұлтанға барғалы жатырмыз. Оған енді кім апарады? Осының өзіне қобалжимыз. Ал, бізге ол жерде өзімізді жоғары деңгейде дәледеу үшін шығармашылық атмосфера керек. Тап осы тұста біздің әбден үйреніп қалған басшымызды алды да тастады. Жаңадан келген адам біздің ішкі «кухнямызды» білмейді», – дейді Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының хор әртісі Қанат МАТАНОВ.

Театр басшысының айтуынша, хор жетекшісінің жұмыстан қуылуы заңды. Тіпті, заң бұзушылықтың болғанын анықтайтын арнайы комиссия құрылды дейді ол. Егерде ол аталған шешіммен келіспеген жағдайда, сотқа шағымдануына болады деді Ая Қалиева.

«Бұл мәселе бойынша арнайы тәртіптік комиссия құрылған. Ішкі тексерістер жүргізілген. Бұйрық соның негізінде шықты. Тіпті хор әртістері тарапынан да басты хормейстердің үстінен министрлікке дейін шағым түскен кездер болған. Егер бұл шешіммен келіспесе, қарсы тарап сотқа берсе болады», – деді ол.  

Бастық айтқан шешіммен хор жетекшісі де, әртістер де келіспей отыр. Енді олар бұл мәселеге заң орындарын араластыруды көздеп отыр. Демек, соңғы шешімді сот шығарады.

Әйкерім Ердәулетқызы,  Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир