|
04.09.2023 | 21:11
2314

Алматыда «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнофестивалі өтті

Фестивальде 50 ақ боз үй тігілді

Алматыда «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнофестивалі өтті Almaty.tv

Алматыда «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнофестивалі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлемнің 10-нан астам елінен келген көшпелі халық Алматының «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық саябағында бас қосты. Фестивальде 50 ақ боз үй тігілді. Алтыбақан құрылып, әр ұлт халық әнін шырқады. Садақ ату мен аударыспақ, теңге ілу, ұмыт болған өзге де ұлттық ойындар қайта жаңғырды. Екі күнге ұласқан дүбірлі мерекені 10 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонағы тамашалады. Қоғам зиялыларының айтуынша, ел мен жерді, ұлт пен ұлысты бір жерге топтастырудағы мақсат – ынтымақты арттыру.

– Бұл – тарихқа шолу жасай отырып, өткенді тірілту. Ұлттық салт-сана, дәстүрді ұмытатын болсақ, жахандану аранына жұтылып кетуіміз мүмкін, – деді ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдәулет.

Фестивальде көшпенділердің жауынгерлік ойыны, саятшылығы мен ат баптауы, тұрмыс-тіршілігі көрсетілді. Мерекені тамашалауға келгендер түрлі сайысты көріп, қызықты шеберлік сабағына қатысты. Көшпенділердің өткен дәуіріне саяхат жасады. Түркітілдес елдердің өзара ұқсас мәдениеті мен әдет-ғұрпы көрсетілді.

– Әзербайжаннан келдік. Қазақ халқы – бауырымыз. Атажұртқа келдік. Фестивальде түркітілдес елдердің ортақ мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі көпшілікке көрсетіліп жатыр. Өзара тату, мәдени-ынтымақтастықта бейбіт ғұмыр кешіп жатқан ұлт өкілдерінің мерекеде бас қосқаны қуантады. Бұл тарих жалғасы деп айтар едім, – деді қатысушы Музадиль Хасанов (Әзербайжан)

Ұлттық ойында үздік шығып, жеңімпаз атанғандарға ақшалай сыйлық пен алғысхат табысталды. Аударыспақтан бірінші орынды Алматы облысы Нарынқол ауданынан келген қатысушы қанжығасына байлады. Ал садақ атудан жүлде көрші қырғыз еліне бұйырды. Әйелдер арасында ұйымдастырылған жамбы атудан Малайзия елінен келген спортшылар басым түсті.

Биыл киіз үй 3 есе артық тігілді. Қырыққа жуық мейрамхана желісі тұрғындарға қызмет көрсетті. Арнайы қойылыммен шектеліп қалған жоқпыз. Шетелдіктер келіп жатыр. Олар көшпелі халықтың бұйымдарына қызығушылық танытып жатыр, – деді  Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.

Қала күніне орайластырылған фестиваль «Алматы – ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасы» жобасы аясында өткізілді. Түркі тілдес халықтардың басын қосып, мереке ұйымдастыру алдағы уақытта дәстүрге айналмақ.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мәдениет және ақпарат министрлігі немен айналысады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир