Алматыда «Салтанат» би ансамблінің кезекті кеші өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада өнерпаздар әр халықтың ұлттық биін билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тіпті, жұртшылыққа тарту ретінде 3 бидің тұсауы кесілді. Шығармашылық ұжым мұнымен тоқтамай, 20 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында кеш өткізуді жоспарлап отыр.
«Осы концертке 1,5-2 ай дайындалдық. Ұжымда жаңадан қойылымдар болып жатыр. Ол «Жайлаудағы той» деп аталады. Яғни, ұлтымыздың қыз қуу, көкпар, бәйге секілді ойындарын көрсететін боламыз», – деді «Салтанат» би ансамблінің мүшесі Аида Ажмағамбетова.
Келген көрермен де шығармашылық ұжымға алғыс білдіріп, өнерпаздарға сәттілік тіледі.
«Бұл би ансамблінің ең қатты ұнаған тұсы – бүкіл түркітілдес халықтардың әдет-ғұрпын, өнерін, табиғатын ашық-айқын көрсетіп тұр», – деді қала тұрғыны Ұлданай Құлмырзаева.