Жеміске толы жәрмеңке. Алматының Абай алаңында 3 күн бойы Тәжікстан халқының бағалы бұйымдары тұрғындар назарына ұсынылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Достықты тәу етіп, Қазақстан мен Тәжікстанның экономикалық байланысын жаңа белеске шығарсақ деген екі елдің президентінің мақсаты жүзеге асып жатқандай. Оған Алматыдағы Тәжікстан мәдениеті күніне орай өткен жәрмеңке де дәлел болды. Ауыл шаруашылығы өнімінің 100-ден аса түрі қойылған іс-шараға қала басшылығы қолдау білдірген.
– Алматы мен Тәжікстан елінің арасындағы тауар айналымы қарқынды дамып келе жатыр. Соңғы бір жылда сауда-саттық 35%-ға артқан. Бұл бағытта алдағы уақытта да жұмыс жалғасатын болады, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.
Жәрмеңкеде жиі көзге түскен жемістерден бөлек, тәжік халқының құнды бұйымдары мен қолөнері жұрттың назарына ұсынылды. Сонымен қатар халықаралық көрмеде көрермен көзайымына айналған қыш ыдыстарын көруге болады.
– Маған Абай алаңындағы Абай ескерткіші қатты ұнады. Қала жұрты өте жылы қарсы алды. Тәжікстанның мәдениет күніне орай, Алматыға ең құнды бұйымдарымызды жәрмеңкеге алып келдік, – деді Тәжікстан суретшілер одағының мүшесі Махмұт Бабоев.
Жәрмеңкеде жергілікті жұрттың жадында қалған тағы бір көрме – тәжік халқының ұлттық киімдері. Көпшіліктің көңілінен шығып, сауда жасауына сеп болған бағалы бұйымдарға сұраныс көп.
– Жәрмеңке жоғары деңгейде өтті. Екі елдің басшысы Астанада кездесіп, мемлекет мүддесі үшін келіссөздер жүргізді. Екі елдің достығының берік болуы өте маңызды, – деді Тәжік этно-мәдени орталығының басшысы Юсуфжан Аминов.
Іс-шараға келген шаһар жұрты да жәрмеңкеге оң баға берді. Бастама себетін сүт өніміне толтырып, қоржынын қампайта сауда жасаған елдің есінде ұзақ сақталаныны шүбәсіз.
– Алматыда Абай алаңында Тәжікстан Республикасының азық-түлік өнімдерінің үлкен жәрмеңкесі өтіп жатыр. Алыс-берістің екі елдің экономикалық, мәдени байланыстарының дами бергенініне мүдделіміз. Іс-шара екі елдің арасын өзара нығайта береді, – деді жазушы, публицист Марат Тоқашбаев.
Таңнан кешке дейін көрме аралаған алматылықтар күн бата рухани кештің куәсі болды. Тәжікстандағы Хотлон облысының өнерпаздары 2 сағатқа жуық концерттік бағдарлама қойды. Жүзден астам талантты ерте келген қонақтар ару Алматының кешін көріктендіре түсті.
– Керемет концерт өтіп жатыр. Алматы жұрты өте көңілді. Жиі келіп тұрыңыздар.Тәжік халқына рахмет! – деді қала тұрғыны Әдемі Сайлау.
26 тамызда ресми ашылуы болған Тәжікстан халқының мәдениет күндері Алматыда ертеңге дейін тойланады. Халықаралық дәрежедегі этно-мәдени іс-шаралар Астана мен Шымкент қалаласында да өтіп жатыр.
Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңайтпасов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы халықаралық әуежайында туристермен тоғыз тілде сәлемдеседі