Тарихы тереңнен тамыр тартқан киелі Қарқара жеріндегі биылғы Қымызмұрындыққа 8 мыңға жуық адам келіп, халықаралық дәрежеде дәстүріміз дәріптеліп өтті. Ал кереге таулы Кеген ауданында ұйымдастырылған ұлан-асыр тойдағы "Жолан жүйрігі" бәйгесіне құны 45 миллион теңге болатын үш автокөлік тігілген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тұтас елдің мойнын бұрып, ауылға аңсарын ауғызған жайлаудағы жиын жақсылыққа жол бастасын деген ниетпен басталды. Іс-шара Бірлік дейтін көштің, Ынтымақ дейтін ауылға аттанған қойылымдық композициясымен өрбіді. Артынша алыстан ат терлетіп келген ағайынға шашу шашылып, дүбірлі тойдың шымылдығы мерекелік бағдарламамен жалғасын тапты.
«Бәрі өте тамаша. Бұл - қазағымыздың ежелден келе жатқан үлкен ұлттық ойыны, салт-дәстүрі», – деді Жамбыл облысының тұрғыны Жайсанбек Бекбосынов.
Салтымызды санаға сіңіру үшін әдет-ғұрпымыздың айнасындай болған жәдігерлер келген көпшілікке көрмеде көрсетілді. Бұл - биылғы ерекшеліктің тек бастамасы. Ал жайлаудың қақ ортасында белін бекем буған палуандар бақ сынаса, ұлттық бұйымдардың жәрмеңкесі киіз үйді айнала орналасыпты.
«Кеген ауданында күнде жаңбыр жауатын еді, бүгін күн ашық. Бәрінің көңіл күйі жақсы», – деді Кеген ауылының тұрғыны Қарлығаш Сарыбаева.
Шашасына шаң жұқтырмайтын шабандоздардың сайысы ел күткен басты сәттің бір еді. Құнан шабысынан, аламан, топ бәйгеге дейін бастау алған бұл бәсекеге 200-ге тарта тұлпар келіп, тұран даланы дүбірге бөледі. Жасыратыны жоқ, жан алып, жан беріскен жарыста жануары жан тапсырып, жүгенін ғана жетектеп қайтқандар да болды. Алайда ауыздықпен арпалысқан аттардың алдына «Жұмыртұяқ» тұлпары шығып, аламан бәйгеде бас болып келді. Ал топ жарыста Тасқын атты тұлпар мәре сызығын алғаш аттаса, Қарагерлерді қара терге салған Құнан бәйгеде «Граф» есімді жануар жеңіске жетті. Бапкерлердің бабы бәсеңдемесі үшін, біріншіден кейін келген жүйріктерге де бағалы сыйлық табыс етілді.
«Салт-дәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық ойындарымызды жалғастырып, үлкен мерекелік шара ұйымдастырылып жатыр. Түркіменстаннан, Үндістаннан, Пәкістаннан, Ауғанстаннан келіп жатыр. Қытайдан және көршілес Қырғызстанның Түп ауданынан келген делегациясы осы іс-шарамызға келіп атсалысып жатыр», – деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.
Аспан астындағы айтулы тойда мемлекет және қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, ақсақалдар мен ардагерлер кеңесі, сондай-ақ этно-мәдени бірлестіктер мен эстрада жұлдыздары төбе көрсетті. Қошқар көтеру, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу мен жамбы ату сынды ұлттық ойындар да іс-шара басырында қатар өтіп жатты. Ал ұйымдастыру алқасы алдағы жылы ауқымды тағы да кеңейтпек ниетте.
Әлібек Шынтемір Мұратбек Алмасхан, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: БҚО-да жантүршігерлік жол апатынан 4 адам көз жұмды