Алматы облысы Іле ауданындағы «Ақши» халық театрының қоржыны тағы бір қойылыммен толықты. Бұл жолы шығармашылық ұжым жазушы, белгілі драматург Сая Қасымбектің «Қол» атты туындысын сахналады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Пьесаның мазмұны сыбайлас жемқорлық, алаяқтыққа қарсы күресті насихаттайды. Басты кейiпкер Адам жаман әдеттерден арылуға ұмтылғанымен, оның сол қолы жамандыққа, азғындыққа итермелейдi. Құлқынның құлына түскен пенде қай пікірді таңдарын білмей, дал болады.
– Әркімнің өз шындығы бар. Тазалықтың болғаны жақсы. Алланың алдында әр адам өзі жауап береді. Шешім қабылдаған кезде ақылға салса, адаспайды. Мәселенің дұрыс-бұрысын жан-жақты көрсетуге тырыстық, – деді «Ақши» халық театрының актері Айдар Асарбай.
Шығарма желісі бойынша Адам соңында шайтанның арбауына түсіп, ақшаны таңдайды. Оның соңы жақсылыққа апармасы да қойылым кезінде айқын көрсетілген. Десе де туындының айтар ойы – дұрыс таңдау жасау адамның өз еркінде екенін көрсету. Қойылым осы мәселелер төңірегінде келелі ой қозғайды.
– Адамның оң және сол қолы бар. Біреуі аламын десе, енді біреуі беремін дейді. Адам негізгі шешімді өзі қабылайды. Бірақ қазір формасы өзгеріп жатыр, – деді «Ақши» халық тетарының көркемдік жетекшісі Жасұлан Түсіпбеков.
– Заманауи қойылымды көріп, рухани байып, қуандық. Қоғамдағы негізгі мәселе – жемқорлық. Қойылымда соның образын ұтымды пайдаланған, – деді ҚР Мәдениет қайраткері Әділхан Қабыл.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ұйымдастыруымен қойылым мемлекеттік қызметкерлерге де көруге ұсынылып жүр. Туынды оларға ой салып, рухани байып шығуына үлкен мүмкіндік бермек. Премьера көптің сұранысына ие болған. Себебі театр ұжымы негізгі кестеден тыс қосымша сеанстар ашуға тура келгенін айтады.
Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда Дәурен Сембаевтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды