Қала күні мен «Қазақфильм» киностудиясының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Алматы музейінде «Таспаға түскен тарих» көрмесі ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақ киносы күніне арналған іс-шарада «Амангелді», «Қыз Жібек», «Томирис», «Көшпенділер», «Жау жүрек мың бала» фильмдерінің деректемесі ұсынылған. Көрменің ашылу салтанатына қазақ кино өнерінің майталмандары мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
– Францияда қырық жыл бұрын «Қыз Жібекті» көрсеткенде қатыстым. Француз тілінде болды. Кино біткеннен кейін, көпшілік қай ғасыр деп сұрады. X-XI ғасыр деп естігенде «сол кезде осындай киім киген, мәдениеті бар елдің қазір қалай өскені белгілі» деген еді, – деді КСРО және ҚР Халық артисі Асанәлі Әшімов.
Қазақ кино өнерінің тарихы 1938 жылы үлкен экранға шыққан «Амангелді» фильмінен бастау алады. Көрмеде өнердің алтын сандығы саналатын тарихи туындылардың жәдігерлерінен бастап Шәкен Аймановтың жеке тұтынған заттары қойылған.
– Көрмеге қазақ киносының тарихына қатысты 100-ден аса жәдігер қойылды. Іс-шара «Қазақфильм» киностудиясымен бірге Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Көрме 2 апта жұмыс істейтін болады. Тамашалауға шақырамыз! – деді «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директоры Ләззат Сағындықова.
Оқи отырыңыз: Алматыда «Almaty Garden Show» фестивалі өтіп жатыр