|
17.01.2021 | 11:10
348

МӘМС пакетіне не кірді, не өзгеріссіз қалды

Тегін медициналық көмек пакеті ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерге де ел азаматтарына ұсынылатын көлемде көрсетіледі

МӘМС пакетіне не кірді, не өзгеріссіз қалды Фото: ашық дереккөзден

Барлық алғашқы медициналық-санитарлық, шұғыл және жедел көмек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде қалды. Әрбір адам, бұрынғысынша, тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігердің қабылдауына жазыла алады, базалық анализдер мен диагностикаға, ауруды бақылау және емдеу бойынша дәрігердің консультациясына жолдама ала алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Егер учаскелік дәрігер/терапевт әлеуметтік маңызы бар, негізгі созылмалы немесе қауіпті аурулар қатарындағы ауруды анықтаса, мұндай пациентке оның МӘМС жүйесіне қатысу-қатыспауына қарамастан, тар бейінді мамандардың консультациялары, барлық қажетті диагностикалық тексерулер, күндізгі және тәулік бойы стационарларда емдеу, медициналық оңалту, паллиативтік көмекті (күрделі аурулары бар пациенттер үшін қолдау терапиясы) қоса алғанда медициналық қызметтің толық спектрі көрсетілетін болады. Бұл онкология, қант диабеті, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, АИТВ, гепатит, туберкулез және т. б. сияқты аурулар. Егер анықталған ауру әлеуметтік маңызы бар немесе созылмалы болмаса, консультациялық-диагностикалық, стационарды алмастыратын, стационарлық көмекті пациент Медициналық сақтандыру қорына тұрақты төлем жасаған және сақтандырылған мәртебесі болған жағдайда ғана ала алады. 

Стоматологиялық көмек толығымен МӘМС пакетіне енгізілді және тек жекелеген жеңілдікті санаттарға ғана көрсетіледі. Жоспарлы түрде — жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балаларға химиялық қатайтылған композитті материалдардан жасалған пломба салу және препараттау, ауырсынуды басу арқылы тістерді жұлу жүзеге асырылады. Жалпы орта білім беру ұйымдарында оқушылар үшін ауыз қуысын профилактикалық мақсатта тексеру және тістің саңылауларын жабу тегін болады. 

Шұғыл түрде — 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, ҰОС қатысушыларына, зейнеткерлерге, 1, 2 және 3 топтағы мүгедектерге, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, инфекциялық, әлеуметтік маңызы бар және айналадағылар үшін қауіпті аурулармен ауыратын науқастарға химиялық қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломбаны салу және препараттау, ауырсынуды басумен тісті жұлу, периостотомия, абсцесстерді ашу көрсетіледі. Ал 1 наурыздан бастап бұл көмек халықтың қосымша екі санатына: мүмкіндігі шектеулі балаға немесе бала кезінен бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі адамға күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтарға көрсетілетін болады. 

Ортодонтиялық көмек — туа біткен жақ-бет патологиясы бар балалар үшін таңдай жырығы кезіндегі түзету (ортодонтиялық пластинка) тегін болып қалады. 

1 наурыздан бастап тіс-жақ аномалиясының әртүрлі түрлеріне (тістеу кемістігі, жақ микрогнатиясы) түзету аз қамтылған отбасылардың тіс-жақ аномалиясының әр түрлі түрлері бар 6-дан 12 жасқа дейінгі балаларына қолжетімді болады. 

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміндегі медициналық оңалту тек туберкулезбен ауыратын және туберкулез ауруымен ауырған науқастарға ғана ұсынылады. Қалған жағдайларда — күрделі жағдайлар мен операциялық араласулардан кейін қалпына келтіру емі МӘМС пакетінде қолжетімді болады. 

Айта кету керек, тегін медициналық көмек пакеті ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерге де ел азаматтарына ұсынылатын көлемде көрсетіледі. Бұл — барлық алғашқы медициналық-санитарлық, шұғыл және жедел жәрдем.  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

МӘМС ОСМС
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир