|
23.09.2023 | 15:13
445

Алматыда жыл басынан бері қызылша инфекциясын жұқтырғандар саны артқан

Қызылша дертінің алдын алу үшін екпе салдырған жөн

Алматыда жыл басынан бері қызылша инфекциясын жұқтырғандар саны артқан tengrinews.kz

Алматыда жыл басынан бері қызылша ауруымен 5080 адам ауырды. Оның 4106-сы бала, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі іnform.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні 136 науқас стационарлық ем алып жатыр, оның 108-і қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр.

- Науқастар арасында қызылшадан қайтыс болғандар тіркелген жоқ. Стационарлық ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайы орташа ауыр,- делінген ведомствоның хабарламасында.

№36 қалалық емхананың инфекционист дәрігері Бөпеш Әмірханова қызылшаның өте жұқпалы жіті вирустық инфекция екенін және ауруды бірден анықтауға болмайтынын айтты.

- Егер сау адам қызылшамен ауырған адаммен байланыста болса, онда бұған ерекше мән беру керек. Әдетте қызылша ауа тамшылары арқылы жұғады. Бұл ретте патологияның өзі ғана емес, инфекцияның салдары да қауіпті. Ауру катаральды белгілерден басталады. Яғни, жоғары температура, жалпы интоксикация белгілері, жұтқыншақтың, конъюнктива мен тыныс алу мүшелерінің шырышты қабығы қабынып зақымдалуы болады,- деді инфекционист дәрігер Бөпеш Әмірханова.

Дәрігердің сөзінше, аурудың негізгі таралу көзі – ауру адам болып табылады. Сондай-ақ қызылшамен көбінесе 5 жасқа дейінгі балалар ауырады. Аурудың алғашқы белгілері ЖРВИ белгілеріне өте ұқсас. Қызылша бөртпесі ауру басталған соң 3-4 күннен кейін пайда болады.

Дақтар әдетте бет пен мойында шыға бастайды, кейін денеге, аяқ-қолға таралады. Бұл қызылша ауруына тән белгілердің кезеңі. Екпе алмаған және қызылшамен ауырмаған адамдардың 90%-ы қызылшамен ауыратын адаммен байланысқа түссе, ауруды жұқтырады. Егер адам қызылшаны жұқтырғанына күдігі болса әрі ауру адаммен байланыста болғанын нақты білсе, ең алдымен жұқпалы ауру дәрігеріне көріну керек. Өзін-өзі емдеуге қатаң тыйым салынады. Тек дәрігер ғана дұрыс терапияны тағайындай алады,- дейді инфекционист дәрігер Бөпеш Әмірханова.

Қызылшаның алдын алу үшін - екпе салдырған жөн. Статистикаға сүйенсек, бұл ауруға балалар көбірек шалдығады. Сондықтан дәрігерлер екпені уақытылы салдырған маңызды дейді.

Оқи отырыңыз: Донор күні: мемлекеттік қызметкерлер 30 литр қан тапсырды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир