Бүгін Алматыдағы № 36 емханада тұрғындарға тегін медициналық тексеру жүргізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дәрігерлердің шақыруымен келгендер жасына сәйкес скринингтен өтті. Олардан қант диабеті мен қатерлі ісік сынды аурулар бойынша сынамалар алынып, қан қысымы да өлшенді. Соған сәйкес, әр тұрғынға қажетті ем-домдар мен дерттің алдын алудың жолдары туралы кеңес берілді.
– Скрининг – 30 бен 70 жас аралығында 2 жыл сайын жүргізілетін тексеру. Сүт безі обырына тексеріс 40 жастан басталады. Ал жатыр мойнының обырына тексеріс 30 жастан басталады. Ол 70 жасқа дейін әр 4 жыл сайын жүргізіледі, – деді № 36 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Қарлығаш Қалиева.
Дәрігерлер жасқа сәйкес бекітілген барлық тексеріс маңызды екенін айтты. Іс-шара 12 ай бойы өтеді. Сондықтан емхана қызметкерлері шақырған кезде, денсаулықты тегін тексертіп алған абзал.
– Учаскелік медбикем қоңырау шалып, кезекті скринингтен өтуім қажет екенін хабарлады. Бүгін тексерілдім. Осы арқылы біз аурудың алдын ала аламыз, – деді қала тұрғыны Айжанат Айдабаева.
Оқи отырыңыз: Жүйке жүйесі мен жүректің жұмысын жақсартады: наурызкөженің тағы қандай пайдасы бар