|
18.05.2022 | 16:18
488

Дәрі-дәрмек қымбаттады – министрлік жағдайды түсіндірді

Комитет басшысы баға жылына екі рет қайта қаралатынын еске салды

Дәрі-дәрмек қымбаттады – министрлік жағдайды түсіндірді ашық дереккөз

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектің қымбаттауына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттан дәрі-дәрмектің не себепті қымбаттағанын түсіндіруді сұрады. Ол осы жұмысқа медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті толық ақпарат бере алатынын айтып, сөзді комитет төрағасы Бауыржан Байсеркинге берді.

Оның айтуынша, бүгінде дәрі-дәрмектің шекті бағасы белгіленген. Бірақ ол "нақты бір баға бекітілген" деген сөз емес. Мемлекет бағаның максималды және минималды шегін белгілейді. Жеке меншік дәріханалар бағаны одан жоғары көтермеуі керек.

"Тәртіп бойынша дәріханалар сол минималды және максималды шектің арасындағы бағаны қоя алады. Одан жоғары көтеруге болмайды. Біз сол жоғары шекті бақылап отырамыз. Осы уақытқа дейін бағаны екі-үш есеге көтеру жағдайлары тіркелген жоқ", – дейді Байсеркин.


Комитет басшысы жылына екі рет бағаның қайта қаралатынын да еске салды. Қазіргі шекті бағалар маусым айына дейін сақталуы шарт. Алайда жеке меншік дәріханалар тарапынан бағаны шекті мөлшерден көтеру жағдайлары бар. Республика бойынша 40 рет анықталды. Барлығына айыппұл салынды.

"Егер белгілі бір препараттың бағасын қатты көтеріп жіберсе, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аймақтық бөлімшелеріне шағым түсіре аласыз. Түбіртекті сақтап қойыңыз. Оны да көрсету керек болады. Соның негізінде біз тексеріс жасаймыз", – деп атап көрсетті Байсеркин.

Қазіргі кезде жылдың екінші жартысына шекті бағаларды белгілеу шаралары атқарылып жатыр. Ол үшін арнайы бұйрық болады. Осы құжат қоғам талқылауына шығарылады.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жеке меншік дәріханаларды арыз-шағымсыз тексеруге рұқсат жоқ екенін ерекше атап өтті. Ал қоғам тарапынан бақылау болса, министрлік шұғыл түрде тексеріс жасай алады. Ол үшін медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті шағым түсуі керек.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир