Онкологиялық аурумен ауыратындар індеттің кесірінен емделе алмай отыр. Солтүстік Қазақстанда бір топ науқас коронавируске тапсырған тест нәтижесі ұзақ уақыт анықталатындықтан операцияға кіре алмай отырмыз дейді. Ал, бұл уақытта өзге талдамалардың мерзімі өтіп кетсе, қайтадан анализ тапсыруға тура келеді. Әбігерге түскен елмен өңірдегі Almaty.tv тілшісі тілдесіп келген еді.
Солтүстік Қазақстанда онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар коронавирус инфекциясына тесттің нәтижесі уақытынан кешіктірілетіндіктен, жоспарлы химиотерапия емін ала алмай жүр. Олар тесттің нәтижелерін бақандай екі апта күтуге мәжбүрміз дейді. Егер науқаста теріс нәтиже көрсетпесе, қатерлі ісікпен ауыратын науқастар ауруханаларға жіберілмейді. Ал, тапсырған тест нәтижесі 5 күнсіз дайын болмайды деген.
«Мен химиотерапияға отызыншы маусым күні жатуым керек еді. Он алтыншы маусым мені ауруханадан шығарды, екі аптадан кейін мен қайта жатуым керек болды. Келесі күні, он жетінші маусым анализ тапсыруға жолдама алдым. Жиырма төртінші маусымда керекті анализдерімді тапсырдым. 29 күні олар дайын болуы тиіс еді. Енді, міне, әлі күнге дейін мен анализ нәтижесін ала алмай жүрмін», – деді онкологиялық ауруға шалдыққан науқас Любовь Шевелева.
Барлық мекемеге қоңырау шалдым деген науқастың қызы анасы үшін алаңдап отыр. Тіпті, жедел штабтың өзінен мардымды жауап ала алмады.
«Күнде қоңырау шаламыз, ал анализдердің нәтижесі жоқ. Біз уайымдаймыз ғой, химиотерапия денсаулығымызды қалыпты ұстауға көмектеседі, онкология жай грипп емес, қауіпті ауру. Көп адамдар осындай жағдайға тап болды, ауруханаға жата алмаймыз, кімді кінәләйтінімізді де таппадық. Бір орында тұрып қалды бәрі», – деді онкологиялық ауруға шалдыққан науқастың қызы Анна Попова.
Наталья Дубровная үш химиятеропия алған соң ота жасатуы керек болған. Алайда екі рет коронавируске тапсырған тестінің нәтижесі зертханада жоғалып, операция кейінге қалған.
«Мен ауруханаға киімдерімді алып, жатамын деп келген болатынмын. Ал дәрігерлер маған сіздің коронавируске тапсырған тестіңіздің нәтижесі жоғалып кетті деп айтты. Мен сәрсенбі күні Covid-19 вирусына тестті үшінші рет тапсырдым, әлі дайын емес. Қайда жүгінетінімді де білмеймін», – деді онкологиялық ауруға шалдыққан науқас Наталья Дубровная.
Ал аурухана басшылығы болса, бұл мәселе шешіліп жатыр деп сендірді.
«Біз бұл түйткілді шештік. Аурухана басшылықтары мен әкімшіліктің арқасында дұрысталып жатыр. Қазір ПТР тесттің жауабын екі сағатта алуға болады. Сенбі, жексенбі күні біз тесттің нәтижесін екі сағатта алдық. Нәтижесі теріс болды. Ал короновирустың бар-жоғына тапсырған тесттің жауабын көп күтіп, басқа анализдердің уақыты өтіп кетсе, біз оны ауруханаға жатқызып, таңертен барлық қажет анализдерді өзіміз осында аламыз», – деді Көп бейінді облыстық аурухананың онкология блогының басшысы Олег Дудяк.
Айта кетейін, биыл Солтүстік Қазақстанда жыл басынан бері онкологиялық бөлімге 3755 науқас түскен. Оның 3702-сі емделіп шықты.