Алматы облысындағы зорлық көрген қыздарға ота жасалды – Ажар Ғиният

Almaty.tv
Almaty.tv
Қарағанды облысында уланған балалардың үшеуі емделіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өгей әкесінен қорлық көрген қос қыз бен мектепте әлімжеттікке тап болған 7 жастағы оқушыға ота жасалды. Олардың қазіргі жағдайы орташа ауыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақпараттық алаңға келген бас дәрігерден алдымен зорлық көрген егіз қыз бен мектепте әлімжеттік жасалған 7 жастағы баланың жағдайы сұралды. Ажар Ғиният «олардың дене мүшесінде жарақат болған» деді. Осыған байланысты дәрігерлер ота жасады. Қаршадайынан зәбір көрген үш бала тікелей ақ халаттылардың бақылауында болатынын жеткізді. Оларға психологиялық көмек те берілетінін айтты.

– Балалардың жағдайы орташа ауыр. Медицина қызметкерлері мектеп оқушысын қабылдаған кезде ересек балалардың зорлық-зомбылық көрсеткенін анықтады. Балалар толық тексеріліп, құқық қорғау органдарына уақытында хабар берілді. Оларға ота жасалды, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Сондай-ақ бас дәрігер қазіргі күні салаға 4 мың маман жетіспейтінін жасырмады. Биылдың өзінде 7 мың дәрігер оқу бітірген. Алайда олардың жартысы ғана жұмысқа орналасып үлгерген. Салаға мамандарды тарту үшін бірқатар бастама қолға алған. Дәрігердің мәртебесін көтеру, құқығын қорғау мақсатында тиісті заң пысықталып жатқанын жеткізді.

– Денсаулық сақтау министрлігі пандемия кезінде медициналық қызметкерлердің құқығын қорғау жөнінде заңды Парламентке енгізген болатын. Қазір заң қарастырылып жатыр. Депутаттар да заңға қатысты норма енгізді. Заң биыл шығады деп күтіп отырмыз, – деді Ажар Ғиният.

Журналистер Қарағанды облысында уланған балалардың жағдайын да сұрады. Денсаулық сақтау министрінің дерегінше, үшеуі әлі емделіп жатыр. Тағы екеуі сауығып, орталыққа оралған. Ал олардың жаппай улануына қатысты тергеу әлі жүріп жатыр.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматы облысында кішкентай қызды зорлаған күдікті мен оның әйелі ұсталды

Новости партнеров