Бауыр трансплантациясын жасатқан балалар толық тексерілуден өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыдағы Сызғанов ұлттық ғылыми хирургия орталығында бұған дейін 45 балдырғанның бауыры сәтті ауыстырылған.
Қазір Қазақстанда 183 адам бауыр ауыстыру үшін кезекте тұр. Оның 10-ы – бала. Бауыры бүлінген сәбилердің көбінде бұл ауру туабітті пайда болады екен. Ал оларға ағзасын беретіндер – негізінен ата-анасы. Сондықтан дәл осы салада негізінен туыстық донорлық кең тараған. Бір жасқа толмай жатып, пышаққа түскен кішкентай Асылай да – осы жолмен дертіне дауа тапқандардың бірі.
«Қызым 8 жаста, бізде бәрі жақсы. Бірінші Алла, содан кейін дәрігерлердің арқасы. Осы орталыққа 3 ай сайын келіп, ем алып тұрамыз. Өте жақсы медициналық көмек көрсетеді. Қазіргі таңда Қазақстанда трансплантология өте жақсы дамып жатыр», – дейді ата-ана Құралай Қазақбаева.
Балаларға жасалатын бауыр трансплантациясы елде ең алғаш Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургиялық орталығында 2016 жылы өтті. Одан бергі жылдарда 45 сәбиге екінші рет өмір сыйлаған профессор күні кеше сол балақайлардың басын қосып, тексеру жүргізді.
«Ең алдымен, олардың денсаулығын сақтауымыз керек» деген тұңғыш трансплантолог біздің байқағанымыздай, қазір сол балалардың ең жақын адамына айналып үлгеріпті.
«Бұл балалар – өзіміздің баламыздай. Туғаннан бастап ота жасағаннан кейін, ай сайын бақылап, жағдайларын біліп тұрамыз», – деді медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймаханов.
Бүгінде бауыры бүтін, дін аман күн кешіп жүрген балалардың әрқайсы бір кездері жұмыс істемейтін ағзадан қиындық көрген еді. Отандық медицина олардың осы күнге жетуіне жол салды, біздің дәрігерлер балалардың бағын ашты.
Мадина Оқас, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Арқа бұлшық ет атрофиясы: ұлының еміне қаржы жинаған ана көмек сұрайды